meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  10.07.2022
  122


Автор: Ғафу Қайырбеков

Рүстамның тоғайы –

Рүстамның тоғайы» –
Қара-көктау түбінде.
Түсті жолдың орайы
Жақсы сəттің күнінде.
Ақ теректер көк бойлап,
Жасыл талдар еркелеп,
Құстар жырлап, той-тойлап,
Аспан ысып, жер терлеп,
Жұпар иіс, хош ауа,
Таратқанда жел тербеп,
Алды бізді түс ауа,
Құшағына «кел-кел», – деп.
Адам екен Рүстам
Аты қалған артында,
Сондай болар туысқан
Аманат еткен халқына:
Мынау əсем тоғайды
Бір заманда өзі еккен.
« – Қимасыңа болмайды,
Дүние өтеді кезекпен.
Бəрі осының елдікі, –
Жеке бастан не қалсын,
Барлық жеміс жердікі,
Жер көркейсін, дем алсын!
Патша емеспін, диқанмын,
Қарапайым бағыбан.
Мұндағы еккен бір талдың
Бақ болуы бағынан.
Тастан сарай соға алман,
Ердің еңбек – шырағы.
Болсын осы көк орман
Болашақтың тұрағы!» –
Деген екен сабазың, –
Адал жүрек, ақ көйлек,
Біздердікі – лауазым,
Ондай жомарт жоқ қой, – деп,
Əждар бастық толғайды
Ойын биік шырқатып.
Мынау көркем тоғайдың
Жемісінен бір татып,
Ұсынады біздерге
Тұт ағашы миуасын.
«Қолыңменен үзгенде, –
Көкірегіңде күй қалсын!» –
Дейді жəне Хамит та, –
– Бұл да өмірде бар кісің,
Қызмет еткен халыққа
Қасиеті дарысын!»
Дүрілдейді көк тоғай,
«Дұрыс, дұрыс», – дегендей.
Ал содан соң тоқтамай,
Ал содан соң бөгелмей,
Оркестрдей əр тұстан
Сайрайды кеп бұлбұлдар.
Ат-есімі «Рүстам»
Мəңгі бітпес бір күй бар.





Пікір жазу