10.07.2022
  75


Автор: Ғафу Қайырбеков

Жап-жас екен Джабарлы

Жап-жас екен Джабарлы
Тоқтағанда жүрегі.
Өнерін жаңа заманның
Тік көтерген тіреуі.
Бəрін өзі бастаған,
Бəрінде де тұңғыш – ол.
Жалғызбын, – деп саспаған,
Қаптаса да жүз бір сор.
Ақын екен арманшыл,
Театрды да меңгерген,
Драматург, романшы,
Киноны да жөн көрген.
Опера – «Аршин мал Алан» –
Мəңгілікке ат қалған,
Отыз бес жаста сол ағаң
Бəрін қолдан атқарған.
Бір оқиға – əлі аңыз,
Айтар ұзақ келешек.
Кереметін қараңыз –
Сахнада келіншек
Арманы бар аһ ұрған,
Ызалы жүрек – мол жалын,
Пəренжісін лақтырған
Бетіне əкеп молданың.
Бір-ақ күнде жоқ қылған
Тас боп қалған тəртіпті,
Дəл сол кеште театрдан
Бүкіл əйел үйіне
Пəренжесіз қайтыпты...
Джабарлыңыз – сол енді...
Құдірет де, адам де,
Ғажабына өнердің
Табынбасқа шараң не?!





Пікір жазу