10.07.2022
  104


Автор: Ғафу Қайырбеков

Талай шешен келіпті

Мирза Ибрагимовке
Талай шешен келіпті
Таңдайынан бал тамған,
Шешіп тастап белдікті,
Сөз тұлпарын қаңтарған.
Кезек үшін таласып,
Төрағасын қоршаған
Алдыңғы үйде, санасып
Дəрежесін сонша адам.
Елін айтып, жерді айтып,
Жатты солай дабырлап.
Онда шаруам болмай түк
Отырдым мен дамылдап.
Кенет залға толды жұрт,
Каспий кіріп келгендей,
Алақан-толқын соғылып,
Соқтығысқан сеңдердей,
Мың көгершін ұшқандай
Қақ жарылып бүтіннен.
Халық деген күш қандай
Адамға қанат бітірген!
Тұрды орнынан толғанған
Бəрінің Мирза ағасы.
Ел – бір шапан болғанда,
Соның құндыз жағасы.
– Қазақстан сөйлейді! –
Деді сабаз салғаннан.
Сенбе мейлің, сен мейлі,
Жарылуға аз қалған
Жүрегімді ұстап жөнелдім, –
Қайдасың? – деп – мінбері,
Қолда аруағы мені елдің,
Қайран шабыт кел, бері! –
Арғы жағын сұрама,
Қойным толы – гүл екен.
Иығыма Мирза-аға
Қолын артып тұр екен.
Содан бері, о, ғажап,
Дүрсіл қағып жүрегім,
Басталғандай жол бұдан,
«Қазақстан сөйлейді»
Деген дауыс естілсе-ақ
Түсімде де жүремін
Атып тұрып орнымнан.





Пікір жазу