10.07.2022
  96


Автор: Ғафу Қайырбеков

Дəм татуға аттандым

Дəм татуға аттандым
Низами-Ата қонысынан.
Құйылдық біздер Отанның
Жемістей қойны-қонышынан.
Қарт Каспидің қашанғы
Серігіндей жан Баку.
Ойнап-күліп қарсы алды
Маңдайында жанған ту.
Қаусырарда жаһанды
Оны алдымен сүйіп күн,
Құшақтаған əр таңды
Ескерткіші Кировтың.
Дəл Бакудің үстінен
Тағдырдың долы шағында,
Дəуірдің көзін түсірген
Шығыстың болашағына.
Ғажайып Революционердің
Мекендеуі үшін күн қасын,
Шіркін-ау, мынау шебер кім
Құрыштан құйған тұлғасын?!
Теңізге, тауға жол салып,
Бетінен алған тоқталмай,
Ақыл мен қайрат, зор шабыт
Қозғалып келе жатқандай...
Жаралған қала мəңгіден,
Алғыстың неткен күші еді!
Бакуден бұрын алдымен
Көзіңе Киров түседі.





Пікір жазу