Əр қуыста бір базар...
Əр қуыста бір базар,
Түгел бойы шатқалдың.
Көрген адам көз жазар,
Алған кім де, сатқан кім.
Қойдың жібек жүнінен
Тоқымайтыны болсайшы.
Сөйлейді қазақ тілімен:
«Алсайшы» да «алсайшы!»
Соған көңілі босаған,
Көзіне ауылы елестеп,
Ала беріпті осы ағаң –
Керек пе, керек емес пе.
Түртеді жайлап əйелім:
– «Оның не, отағасы? – деп,
Қолымды бір-ақ сермедім,
Тілімнің садағасы!» – деп.
Сонымды байқап қалды ма
Бір келіншек жалғасып,
Тосты менің алдыма
Еркектің мойын шалмасын.
Қалтаның тінтіп əр бұрышын
Қарманыппын бекерге,
Ендігі ол да байғұсың
Қағылып қалған екен де.
– Алыңыз, – деді келіншек:
Ақшасыз да, жомартсыз.
Сапарыңызда келешек
Ұмытпасаңыз – соғарсыз.
Жолыңыздан тоқтатқан,
Болсын осы – алғысым,
Тар күндерде көп татқан,
Еліңіздің дəмі үшін!
Енді алмасқа шара жоқ,
Ойға кеттім мың түрлі,
Қарсы алдымда қара көк
Басын изеп шың тұрды...