Атақты суы Балкардың
Қайсын Кулиевке
Атақты суы Балкардың
Таситын сыймай кемерге,
Бұрымдай жасыл тарқар бір
Шашылып алқап, төменге,
Ішінен тулап шатқалдың,
Асылып терек, еменге,
Мүйізіндей арқардың
Қадалып жартас, шеменге,
Су емес, бейне сүңгідей
Шаңқылдап тиіп, от шашып,
Қоймайды қой тасты үңгімей,
Өзіне өзі қақпа ашып,
Жөңкиді сосын күркіреп,
Даусы көкпен астасып,
Аспаннан жерге сіркіреп –
Қарғиды моншақ тасқа тік.
Əйгілі Чегем, бұл Чегем,
Туғанын көрмес жер беті,
Шыңдардан шапшып, бұлт емген,
Кавказдың тағы перзенті,
Тілдесіп түнде үркермен,
Оранып нұрдан жөргекті,
Күндіз сан құзға сүйкенген,
Сəуледен тоқып өрнекті,
Биікке бізді итерген
Бұралаң жолдар өрлеп тік.
Жаяулап соған жұрт өрген
Каньонға да кеп жеттік.
Басталды ғажап бір серуен –
Бойымен көкті еңсерген
Тас сарайлармен сөйлестік.
«Чегемнің құлама сулары» –
Дегенді сөзбен суреттеу
Мүмкін емес, Бұл бəрі –
Баяғы біздің тіл жетпеу.
Доломит деген сартастан
Жаралған алып қабырға
Тамшы мен тамшы айқасқан,
Тұнып тұр, нөсер, жаңбырға.
Ал енді көзге елестет
Адамның зор тұлғасын,
Маңдайы сəл-сəл дөңес кеп,
Сүйеген көкте күн басын,
Дəл сол сопақ маңдайдан
Құлайды судың үлкені,
Екі су – екі самайдан
Төмен қарай үркеді.
Екі көз – екі сарайдай,
Кірпіктен тамшы сілкеді.
Талыстай ауыз – таңдайдан
Тағы да жаңбыр бүркеді.
Тамақтың тұсты ол бүлкіл, –
Омыраудан атып мол дүркір –
Кіндікке барып іркеді.
Одан да төмен төменге
Сорғалап, бəрін тінтеді...
Ақырында башпайдан
Қайта атылған бойымен
Шығады бір-ақ аспаннан
Ылғи да күміс сойылмен,
Балкардай таудан оралған
Маңырап, шулап қойымен,
Қосылар барып ол алдан
Чегемнің терең ойымен...
Осылай, досым, сəл бұлдыр
Суреттегенде шамамен,
Дегенмен су ғой ол құрғыр –
Ұстауға келмес қаламмен.
Тілдесіп жатыр сол Чегем
Осынау шулы ғаламмен,
Əлі де қанша жыл шегем
Қазақы жалпақ даламмен,
Осындай мінезді өлеңі
Ағыл да тегіл ағар кең,
Осы таулардың өрені
Қайсыңды еске алам мен?!