10.07.2022
  78


Автор: Ғафу Қайырбеков

Екі-ақ əріп «ГЭ» деген

Екі-ақ əріп «ГЭ» деген
Ескерткіште жазу бар.
Бойын гүлмен безеген
Ортасында жаздың дəл.
Тұрған кезде Деникин
Осы өлкені ойрандап,
Өңкей жауыз жендеттің
Ішінде жалғыз қойған қап, –
Революционер бір əйел,
Жас қызын тастап қаша алмай, –
Елге мағлұм дəрігер –
Жасырған жұрт жар салмай.
Басына соның генерал
Жүз мың ақша бəс тіккен.
Дүниеқор сұм нені аяр
Қарайса қаны қастықпен.
Пəлен жыл бірге қызметі,
Бар екен таныс бір дəрігер
Ақшаға көңілі қызды, кетті,
Сатты да қырсық – салды əбігер.
Деникин оны дарға асты,
Жендетке əйел – бұйым не?
Ызалы көздің шарасы
Жабылмай қалған күйінде.
Қарайды ол, билеп сəл үрей,
Құлақта зарлы бір үн қап,
Сонау да жетім сəбидей
Төбеде арман шырылдап...
Көңілді терең ой басар,
Тұрасың үнсіз бір кезек:
Сондай да құрбан болмаса –
Мұндай да дəурен сүрмес ек!





Пікір жазу