10.07.2022
  84


Автор: Ғафу Қайырбеков

Кезі еді шақырылған шағын балдың

Кезі еді шақырылған шағын балдың
Үйінде егіз қызды генералдың,
«Асау той өңкей соқыр», содырлардың
Ішіне ақын неге келе қалды?
Оғындай өткір еді сөзің мірдің,
Ол сөздің екі қайтпасын өзің білдің,
«Қанжар» деп, қалжың тағып, Мартыновты
Апарып сұлулардың көзіне ілдің.
Адам жоқ ара түсер кекпен кекке,
Боялып айқын жүзі көкпеңбекке,
Сыныққа сылтау іздеп жүрген жауыз
Шақырды сені ертең жекпе-жекке.
Амал не, жер қалмады шегінуге,
Қашанда болмайды рух жеңілуге,
Дедің сен: «азар болса өлемін де,
Жанымды жеп жүргенше жегі күнде!»
О, сұмдық! Жалғыз сөздің қырсығынан
Қиылған ер аз ба еді қыршынынан?!
Сол сөздің, екеу болса оқасы жоқ –
Ұшында кете барды бір шыбын жан...





Пікір жазу