10.07.2022
  115


Автор: Ғафу Қайырбеков

Жайнаған жайсаң жаздың бір күнінде

Жайнаған жайсаң жаздың бір күнінде
Атақты Диананың1 үңгірінде
Құрды ол достарымен бір серуен –
Бір серуен ең соңғы рет тірлігінде.
Өзі де келтіруші еді бидің көркін,
Тербеліп сұлулармен емін-еркін,
Құшақтап дүниені бір сүйгендей,
Ғажайып қиялдарға берілетін.
Сол кеште ақын шашты бар байлығын, –
Араға жомарттардың салмай бірін,
Шампандар ақты нарзан суындай боп,
Тағдырдың қарсы алады қандай күнін.
Ол оның ойында жоқ, ертерек бұл
Өзгеден, қалу керек еркелеп бір.
Əйтеуір ұмыту керек жалғыздығын, –
Бəрібір тағдыр-мылтық желкеде тұр...





Пікір жазу