10.07.2022
  93


Автор: Ғафу Қайырбеков

Жүз жыл ма, бəлкім, тіпті одан да əрі...

Жүз жыл ма, бəлкім, тіпті одан да əрі,
Бұл жерде кім болғаны, не болғаны,
Кешкілік саклясында сөз қоздатқан
Бестаудың белден сақал қариялары.
Естіді ол аңыздарды, ертегіні,
Əзірге батпай тұрып ерте күні,
Ғажайып таулықтардың табиғаты,
Қаз-қатар ақылды аға, тентек іні.
Нəзік жар, адал неке, батыр ұлдар,
Аймақты қалтыратқан жортуылдар,
Қанды кек түйіндерін қанжар кескен,
Бас теңдеп қанжығаға жойқын мұнар.
Алапта тезектей боп қалған ерлер,
Аздан соң сүлдесіне қарға үймелер.
Жөңкілген əзірейіл періштелер
Бойына жан алғыштық болған өнер.
Қашанғы Хаджи Абрек, Бейболаттар,
Қашалып қара тасқа қалған аттар,
Сыймаған əулетіне Измаил-Бей
Еліне болған кеше қолғанаттар.
Шалдардың айтуында кетеді өсіп,
Кейбірі ұзақ мақтап, жеке көшіп,
Айналып аяқ жағы «сандалмаға!» –
Азырақ тынары бар шекелесіп.
Одан соң татулыққа жол тұратын,
Көзеге асау шарап толтыратын.
Орыстың офицері ұзақ тыңдап,
Сүйеніп семсеріне отыратын...
Қиялда оқиғалар қайта қаулап,
Шабыста ерлер құлап, аттар аунап,
Күңіреніп, кəрі шыңдар бебеу қағып,
Күбірлеп кəрі шалдар құран арнап.
Дүние болатұғын астан-кестен,
Осынша сұрапылды бастан кешкен,
Шалдардың жүз жасаған ең үлкені
Бас шұлғып отырушы ед үндеместен.
Содан соң қайта оралып қиясына,
Өлеңнің қайта қонып ұясына,
Төнетін темір қалам əлсін-əлсін
Құрғамай, құтыдағы сиясына...





Пікір жазу