10.07.2022
  99


Автор: Ғафу Қайырбеков

Алтын күн Жер ғашығы, Күн еркесі...

Алтын күн Жер ғашығы, Күн еркесі,
Бестаудың нұрға малып бес өркешін
Машукқа қызыл көпір асып тастап,
Шыңдардың ұзартты да көлеңкесін,
Батыстың иек сүйеп ернеуіне,
Келеді құлағалы жерге міне, –
Бес жасар тұрды бала соған қарап,
Бір сағат бүгін мұнда келгеніне.
Қайтсін-ай, қайран əже ту алыстан,
Кавказға немересін алып ұшқан.
Қолында жалғыз бұлдыр қалғаны осы
Бар дəулет, бақыт, байлық, қуаныштан.
Байланған дүние-арқан бəрін үзбек –
Қаршадай сəбиіне дəру іздеп.
Нарзанның шипа суы шақырды оны
Балқыған балдай түсі сары күзде.
Қадалып тостаған көз, ұзын кірпік,
Жібермей құбылыстың бірін мүлтік,
Қарайды есі танып төңірекке,
Қара көк қойнаулардың түбін тінтіп.
Көрмеген бұрын мұндай сұлулықты,
Таңырқап таңдайының суын жұтты,
Батар күн – қоңыраулатқан алтын күйме,
Бестаудың тасасында кімді күтті?
Мұны ма?
Жаңа келді бұл алыстан.
Кавказбен тағдырындай қол алысқан,
Қалшиып бір жартаста қалды ұзақ,
Күн сүйген маңдайынан бала арыстан...





Пікір жазу