Аспанның ақша бұлттар – орамалы...
Аспанның ақша бұлттар – орамалы,
Машуктың мойнына кеп оралады.
Одан соң қара орманға сусып түсіп,
Басында əр ағаштың жоғалады.
Бір сəтке ашылады атлас көк,
Жерменен арасында қатынас жоқ.
Сол кезде Бестау қала – Пятигорск
Алдында шашылады шатыраш боп.
Шашылып барып-барып тұйықталған,
Жерінде, орналасқан биік қорған –
Шартылдап талай түскен жайдың оты
Көк мүйіз, сіңір тастап қиып салған.
Көркі мен қасиетін жұрт анықтар,
Ішінде сол қорғанның бір парк бар.
Лермонтов отыр соның ортасында
Тізесін шинелімен қымтанып сəл.
Биік тұр бар ағаштан тұғыры оның,
Түсіріп маңдайына күннің жолын.
Қараса, екі көзі елестетер
Сөнбейтін мəңгілікке жырдың шоғын.
Жайнаған эполеттер екі иықта,
Сап-салқын жымиысы кең миықта,
Белінен қиғаш түскен қайқы қылыш
Күйінде шабылмаған тұр ұйықтап.
Дегендей «кездесетін белгіні ұста!»
Қарайды ол қас қақпастан Эльбрусқа.
Жаралған елден ерек егіз нұсқа –
Тəңірінің уақыты кең бұл бір тұста.
Ғажайып тұрады əсер бойыңды алып,
Солармен қауышқандай ойың барып.
Жатқандай ертең таңда тағы Эльбрус
Ақынмен кездесуге дайындалып.
Бақыт қой бір өлкеде қос данышпан
Қырандай бірін-бірі қостап ұшқан.
Дүниеде «жарасым» деген жақсы ұғым бар,
Сонымен жар сүйіскен, дос табысқан!