10.07.2022
  87


Автор: Ғафу Қайырбеков

Онымен кездесуім он жасымда...

Онымен кездесуім он жасымда,
Аз еді ақыл мидың дорбасында.
Дүние қызыл-жасыл бояу кезі
Сабырсыз сапырылған бір басымда.
Бұлттар мен ойнаушы едім аспандағы,
Созылып қиялымның баспалдағы.
Əп-сəтте жетуші едім оларға мен
Жұп-жұмсақ шудаларын жастанғалы.
Жеп-жеңіл ұшушы едім, тағат қалмай,
Асығып, тынбаушы едім тағы аттанбай.
Жайылып кетуші едім кең ауаға
Астында қолтығымның қанат бардай
Бірінде сол ұшудың қаңғырып мен,
Ғажайып самғайтұғын жаңғырықпен,
Кездейсоқ ұшырастым, қақтығысып,
Адам-құс, алақан көз самұрықпен.
Аспанның падишасы күн астында,
Сен кім? – деп, сірə, менен сұрасын ба, –
Мен төмен құлдиладым, зəрем ұшып,
Кездеспей тұрғанымда сұрапылға.
Жоқ, олай емес екен!
Жаман ойға
Мықтылар көкірегі кең көп жолай ма!
Сорғалап қанатына мінгізіп ап,
Əкетті көк тұңғиық əлдеқайда...
Ішінде сол тұңғиық əлі жүрмін,
Ұшумен өтіп жатыр бəрі күннің.
Беліме найзағайды буынып ап,
Күркіреу дағарасымен дабыл ұрдым.
Демон ол – жырдың пірі-періштесі,
Демеймін кіндігімді теріс кесті,
О, шіркін, оның бəрі қиял еді,
Өмірде бүгін тұңғыш бір кездесті!





Пікір жазу