10.07.2022
  84


Автор: Ғафу Қайырбеков

ЭЛЬБРУСПЕН СӨЙЛЕСУ

Көргенің бар ма, досым, Эльбрусты?
Толы ғой ғажайыпқа жердің үсті.
Сонда да, көзің аман тұрған шақта
Көргенің Эльбрусты – ең дұрысы.
Ол үшін болу керек аспан ашық,
Ол үшін тұру керек таң таласып.
Сол таңға əрбір тұстан қолын созып,
Жұлдызды үзбек болып, жанталасып.
Жамырап қара көк шыңдар шаншылғанда
Тұманнан тұла бойы аршылғанда,
Дүние сүтпен жаңа жуылғандай,
Тəп-тəтті тіршіліктен дəм шығарда.
Басыңды жастығыңнан көтеріп қап,
Көзіңе күн шығысты əкеліп бақ, –
Сол кезде көкжиекті жайлап тіліп,
Шығады алып шатыр əдемі, аппақ.
Туады дүниеде ғажайып сəт,
Тұрғандай жанарыңда əзер ұстап.
Жоқ болып қазір-қазір кететіндей,
Айрылып қалатындай зəрең ұшпақ.
Ер киер дулығадай үш бұрышты,
Құйғандай аямастан иен күмісті.
Əлемнің сахнасына шыққан жайнап,
Көргенің бар ма, досым, Эльбрусты?
Танғандай жиі-жиі пендең естен –
Дегендей ылғи көріп дəндемесін.
Желкенін жиып шапшаң кеткендей бір
Тірліктің жер астына сəн кемесі.
Эльбрус жоғалады, көзден ғайып,
Қанатын қара бұлттар тездеп жайып.
Жабады, көңілінде қалады тек –
Ағарып көпке дейін сол ғажайып.
Ұйқының ең бір тəтті сағаттарын,
Қиып мен, тостым талай таң атқанын.
Жолығып жүрдім сонда Эльбруспен,
Мезгілдей өте шығар қанат қағым.
Қайтесің аз айтқанын, көп айтқанын,
Тірліктің сол біледі шолақ таңын.
Тұңғышы, соңғысы да сол ма дедім,
Ақынның аз бақытын молайтқанын..





Пікір жазу