10.07.2022
  184


Автор: Ғафу Қайырбеков

БАЛЫҚШЫ ИВАН

1
Бала едік біз өздеріңдей,
Бала едік біз кеше ғана,
Жүретінбіз көзге ілінбей,
Көзге ілетін шеше ғана.
Томпаң қағып, үйден шығып,
Сүйретуші ем қол шанамды.
Бірде жыйып, бірде сығып
Уыстаушы ем ақша қарды.
Жұмсақ қарды бала көңлім
Төсегім ғой деп білетін.
Су боп қалса, анам менің
Киімімді кептіретін.
Тағы ойнаушы ем киіп алып,
Мұз-сырғанақ шақыратын.
Менің бала досым Тəліп
Қойыныма қар тығатын.
Досым берген ойыншықтай
Төсіме оны басатынмын.
Жеткенше үйге, қолым сұқпай
Көріп мəз боп, тасатынмын.
Келсем үйге, қарасам мен
Ойыншығым жоқ болатын.
Қоян ішік, қолғап мүлдем
Тағы да су боп қалатын.
Ұрсушы едің, күлуші едің,
Сонда маған, қайран ана!
Мен асығып тұрушы едім,
Шақыратын қайта дала.
Төзуші едің асып жатқан
Бейнетіме қысты күнгі,
Бой қыздырып, баурым жылтқан,
Не дермін сол ыстығыңды!..
Өтуші еді осылай бір
Балалықтың талай қысы,
Күміс өзен, жасыл адыр
Жазымды да жазайыншы!
2
Шіркін, ұзақ жүруші едік
Күтіп көктен шағаланы.
Уəделесіп, кетер келіп
Көрші ауылдың балалары.
Ол уəде əлі есімде,
Əлі есімде, ұмытпадым.
Бармақ едік дəл кезінде
Көп жеріне жұмыртқаның.
Талай бала сырлас едік,
(Не бар сырды жасыратын!),
Елегізіп тұрмаушы едік,
Естігенде асық атын.
– Суға атып ең бір сақамды
Жазбайды, – деп, – тəйкесінен.
Салдың, Тəліп, бір сойқанды,
Үңілдім мен су төсіне.
Шығар ма ол суға атқан соң,
Шығады деп тостым бекер.
Тереңіне бір батқан соң
Сақаны айдап тасқын кетер.
Өтер солай балалық та,
Жыл тасқыны айдағасын.
Кетті достар шар тарапқа,
Қайда Тəліп, қайда Қасым?!..
3
Бала едік қой өздеріңдей
Күнге қарап біз жымыйған.
Қарттар бар ғой өз жеріңде,
Болсын таныс біздің Иван!
Біздің Иван, құрдас Иван,
Келді сексен яки жүзге.
Қалмайтынбыз біз қасынан,
Əйтеуір сол жақын бізге!
«Нешедесің, ата?» – десек,
– Бір жасым аз, бір жасым көп!
Жұрт əшейін айтады өсек,
Мен сендермен құрдаспын! – деп,
Жымыятын, күлетін де,
Таңқалушы ек біздер оған.
Жоқ шығар-ау жер бетінде
Суда одан көп жүзген адам!
Қолдан ойған қара қайық,
Шығыршығы алқымында.
Жүруші еді ол ауын жайып
Торғай-өзен толқынында.
Жардың жайпақ жағасында
Ақ шатыры желпілдейді.
Көруші еді ол баласындай
Кірсең, шықсаң еркің мейлі!
– Ау, қараймыз бүгін кешке,
Дайын болсын қапшықтарың!
Сен, Тəліпжан, төбелеспе!
Мен сендердің бастықтарың!
Үшеуің де бірдей келме,
Сен, Қасымхан, шатырда қал!
– Қалмаймын мен!
– Ойбай, неге?
Олай болса Мақтым қалар –
Бас изеймін, көнемін де,
Иван айтса, шама қайсы!
Емес қашық көлемі де,
Шатыр менен ау арасы!
Күн ұзаққа мекеніміз
Шатыр маңы-ескі жыртық.
Үйді ұмытып кетеміз біз,
Уəделі кешті күтіп.
Барып қайтып жүреді Иван
Қаладағы өз үйіне,
Арба жегіп ридуан1
Қызыл қасқа өгізіне.
Ридуан ба, білмейміз біз,
Тек əйтеуір алабы бар?
Шатыр бағып жүреміз біз,
Иван өзі қала құмар.
Айтпақшы, мен ұмытыппын,
Кешіріңдер оны бірақ,
Таныстырып келді шыққым,
Иван жайын толығырақ...
Мəселе бар бұл арада,
Айтпай кетсек болмайды енді:
«Қазақ» дейді – шындығында –
Оны туған Торғай елі.
Көпті көрген талай шалдар
Насыбай сап, шырт түкіріп.
Бұл жөнінде таласа алар
Тымақ шешіп, шарт жүгініп.
Ортаға əкеп салады олар
Бірге өскенін Иванымен,
Жалаңаяқ талай жылдар
Асық атып, қырда жүрген.
Жас шақтарын еске алады,
(Қартайса адам, солай білем,
Кəрі көзден жас тамады,
Соны айтқанда олар кілең).
Қалай енді таласарсың
Көріп шалдар көңіл күйін?!
Қартайғанда өткен күнге
Куə табу болар қиын.
Тірі қалған бес-алты шал
Сол Иванның серіктері,
Сендірді де өзгені де,
Өздері де сеніп келді
Иван қазақ деген сөзге.
Иван да оған таласпайды.
Насыбайдан бір атып ап
Шалдар сөзін растайды.
Сол шалдармен жарысқанда
Айтысып не аңыз ғажап,
Не əзілмен сайысқанда
Өзі де енді нағыз «қазақ».
«I» дыбысын «ы» ғып айтып,
Кететіні бір бар еді!
Сөйлегенде қол шошайтып,
Оң жақ көзін жұмар еді...
Үй де өзінен басқа жаны –
Бір ұл, бір қыз, бір кемпірі.
Сол үшеуі басқарады,
Үй жұмысын күнбе-күнгі.
Қасқа өгізін айтып қойдық,
Итін болар айтпаса да,
Себебі ол зəрені алып
Үретін-ді, қаппаса да.
Үйі оның тал шарбақты
Қаланың дəл ортасында.
Ол шарбақты қашан қақты,
Білсең, досым, айтасың ба?
Айта алмайсың, себебі оны
Айта алмайды Иван дағы.
Сұрармыз біз келер жолы,
Болжаймыз ба күнді алдағы?
Алдым, бəлкім, іш пыстырып,
Иванды ұзақ таныстырып.
Аз тыныстап алдық демді,
Жалғайын мен əңгімемді.
4
Қарап құздың шоқтығынан
Күн тұр міне батыс жақта.
Ау қарауға шықты Иван
Балалармен осы шақта.
Қасым, Тəліп есі кеткен
Қол бұлғайды маған қырдан.
– Əй, Мақтым, сен қос шелекпен
Су əкеп қой! – дейді Иван.
Аналардан бұрынырақ
Кіріскенге міндетіме
Мен де мəз боп қалдым қунап,
Жүзді қайық су бетінде.
Жүзді қайық су бетінде,
Күміс ирек ізін тастап.
Ескегімен суды тіле
Ауына Иван барды бастап.
Қандай қызық, расында,
Иванның мəз түрін көрген!
Қалып шелек қыр басында,
Жар жағалап жүгірдім мен.
Көріп Иван аңдып тұрып
Деген даусын: «Қайда, қайда?»
Кешкі өзен жаңғырығып
Əкетеді əлдеқайда.
«Аудан үркіп кетер балық!»
Деген Иван өкінішін,
Есітіп қап, жата қалып,
Енді сезіп отыр ішім.
Қалмадым мен сонда дағы,
Қатарласып қайықпенен.
Иван ауын қолға алады!
Көзі толған балықпенен.
Қатар-қатар тізілген ау
Қалтқылары батып төмен.
Сол бір мезет қызық еді-ау,
Ойнаса қол балықпенен!
Көрсе көп сыр түсінер ед,
Сол уақытта кім Иванды!
Төніп аудың үстіне кеп,
Қызық еді-ау жымыйғаны!
Екі бала шыжым тартып,
Отырады балық көріп.
Шықса қалтқы суға қалқып
Қалады қарт налып, кейіп:
– Əне жерден бір үлкеннің
Көрдіңдер ме босағанын!?
Əй, сен, Қасым, түрік ерін,
Бар ма сөзден шаршағаның?
Айтып ем ғой «қал» – деп саған!
Аузыңа бір жоқ тыныштық!
Сабырсызсың, мүлде жаман!
Дейді оған Иван ұрсып.
Сөйтіп олар қайтар кезде,
Үлгіремін шатырға кеп.
Естіледі айтқан сөздер,
Қалды міне жақынға кеп...
Жүгіремін қарсы алуға,
Жарға тұмсық қайық тіреп, –
Сонда Иван жасыл қырға
Лақтырады балық күреп.
Дейді айқайлап маған Иван
«Ал, күзетшім. Сақтанып қал!»
Шыққан ылғый жаңа судан
Жатады ыршып ақ балықтар.
«Əй, Мақтым, сен қос шелекпен
Тұнық жерден алдың ба су» –
Тəліп, кəне, түс жиектен
Саған міндет балық аршу!
Ең тəуірін, ең ірісін,
Ең асауын, ең тірісін
Мақтым, кəне, ұр қазанға!
Қасымхан-ау, тұзың бар ма? –
Аяма, мол, сал уыстап,
Ас ішейік бір дұрыстап! –
Дейді Иван, біздің Иван,
Шетке шығып, шелек ұстап...
5
Отырып ап алқақотан,
Жеп отырмыз балықты біз.
– Бір кеспесін жесең, шортан
Тойғызады, еті тығыз.
Білмейсің-ау тəттіні сен,
Тентек Қасым, тəуір Қасым!
Жеп отырсың майлы кілең
Ақ балықтың қабырғасын! –
Онан дағы тəуір жерін
Бермейсің бе аршып маған! –
Сыйламайтын жасы үлкенін
Көрген жоқпын сендей адам! –
Дегенде Иван, қасын қағып,
– Құрдаспыз ғой, – дейді Қасым, –
Тез ағарған шашың нағып?
– Сынағышын елдің басын!
Мендей сен де басқа жақсаң
Көрер едім балық майын!
Басқа жағып бір түн жатсаң,
Шығарады ақ қып бəрін. –
Деп кеңкілдеп күледі Иван,
Кетік тістен тілі шығып.
– Мен де жағам – дер Қасымхан,
Ойын сөзін шын деп ұғып.
– Қой, – деп Иван Қасымханға
Жалынады кəдімгідей.
– Түспей қояр балық ауға,
Ақ бас болсаң бəрің бірдей.
Өзі жылтыр, өзі қою
Қара шаш қой бала сəні.
Мен бастықпын, ақ бас болу
Бастықтарға жарасады. –
Дейді Иван түсіндіріп.
Тыңдар Қасым есі кетіп.
– Алайын ба тісім жұлып,
Сенің неге тісің кетік?!
– Қойдың тісін салдырып ем,
Қоймай-қоймай түседі екен!
Түсіп, бітіп қалды мүлдем.
– Қой тіспен ас іше ме екен? –
Деймін мен де жаным ашып,
Ақыл айтып өзімше бір.
Сұрау қояр жəне Қасым:
– Сенің неге көзің шегір?
Оған тағы мəз болады.
Көзін қысып, күліп Иван.
Сөйтіп кеңес қозғалады,
Əңгімеге біз ұйыған.
– Болдық, – дейміз бір ауыздан,
Ас жияды сонда Қасым.
Шатырдан біз шығамыз да,
Шарлаймыз кеп арба қасын.
Мен кетемін қасқа өгізге
Түбектегі жатқан күйсеп.
Қалады Иван осы кезде,
Бəрімізге балық өлшеп.
– Сенің тиген үлесіңе
Екі шортан, төрт ақбалық.
Аз болмас бұл бір өзіңе,
Жүрме ертең ұйқтап қалып! –
Күн шығарда болып əзір
Тұрыңдар үй қасына кеп!
Айтып ем ғой анада бір,
Үйіңе əтеш асыра деп, –
Тіл алмайсың кейде түге!
Дегенменен жарайсыңдар!
Түсе қалды енді есіме,
Əкеңде бір аласым бар! –
Ұмытпай соны айта салшы,
Сен туғанда алып еді! –
Дейді Иван.
– Ол не аласы?
– Екі қаптай балық еді!..
Айтам сөздің арасында,
Байқайсың ба тамашаны!
Сол Торғайдың қаласында
Иванның көп алашағы.
Менің оны білетінім,
Қағазды ылғый топтап жүред.
Көрсетіп ап, күлетұғын,
– «Алдына он жыл боп қалды», – деп,
Кендірменен шанди салған
Сап-сары ала қағаз кілең.
– Ана шалдан, мына шалдан
Қолтаңбаны ала жүрем! –
Деп күледі бізге қарап,
Біз тұрамыз аң-таң қалып,
Ескісіне шылым орап,
Жаңаларын қояды алып.
Дəл осылай əр күн сайын
Достығымыз келеді өсіп.
Қасқа өгізді жолға салып,
Біз қайтамыз желдей есіп.
Ақ шатыр да түн күзеткен,
Артымызда қалады ұдай,
Өзенге біз қойып кеткен
Ақ көйлекті қарауылдай.
6
Шатырдамыз. Көктегі күн
Кəдімгідей қозғалады!
Секілденіп су төгетін
Иван шалдың жез қалағы.
Көрінеді маған солай,
Мүмкін ерсі болар жұртқа.
Мен тұрамын тамашалай
Күн енгенде жұқа бұлтқа.
Шатыр маңы жалтыраған
Кілең балық қабыршағы.
Кейі түнде кеппей қалған
Табаныңа жабысады.
Ал алыстан тұрсаң қарап,
Соның өзі тым тамаша.
Ақ шатырды жатыр орап,
Кіл он тыйын күміс ақша!
Сəскеде өзен жағасында
Отырамыз ау кептіріп.
Сол маңайды анда-санда
Жаңғыртамыз ал кеп күліп.
Төбемізде қыйқу салып,
Шаңқылдайды шағалалар.
Кейде өзенге шүйгіп барып
Тайыз жерден шабақ алар.
Кейде біздің ауға ілінген,
Шаяндарды қырда жатқан.
Жалт-жалт қарап, əудем жерден
Шағалалар сырғанатқан.
Балалық-ау, кейде біздер
Жіпке тағып шабақтарды,
Тастай салып құла түзге
Отырушы ек қарап тағы!
Асап қалып қомағай құс
Ə дегенше қақалатын.
Құтылмасын білген байқұс
Жан-жағына жар салатын.
Сонда Иван көріп қалып:
«Жібер, – дейді, – жылар, қарғап!»
Босанып құс өліп-талып,
Кететін-ді көкке самғап...
7
Бар деп ек қой ұл мен қызы,
Петька, Мария – аттары оның.
Айттық жəне олар өзі
Біздің шатыр жақта жоғын.
Шал үлгірмес жалғыз бəрін,
Шаруасына қолы жетіп,
Қораға еккен қарбыз, қауын,
Жүреді олар соны күтіп.
Қарсы ап Иван келген шақта,
Қасқа өгізін доғару мұң.
Қайта жегіп, кетер суға
Əмірімен олар мұның.
Бақша демек, бақша жайын
Айтып кеткен бір жөн болар.
Қаласында сол Торғайдың
Жалғыз бақша Иванда бар.
Авдей ұста егеді – деп,
Айтып жүрді бала кейбір.
Ауласында тұрған гүлдеп
Бақша көргем жоқ əйтеуір.
Авдей ұста «сараң» дейді,
Екті, бəлкім, шалғай қырдан.
Ебін тапқан адам жейді. –
Шалдар жейді шал тамырдан...
Не əсем Иван бақшасынан!
Шешек атып аулада гүл,
Жаз шілденің ортасында
Жап-жасыл боп тұрады-ау бір!
Күн нұрына балбырап жүз
Күндей күліп шығып сол сəт,
Су құйғанда Мария қыз
Жапырақтар тағар моншақ!
Қызыл-жасыл гүл жайқалып
Көзді тартып тұрар бəрі.
Ала қабық, жасыл қабық
Қауын, қарбыз, қиярлары.
Ертіп бізді Иван атай
Əкелгенде ауласына,
Бергенінше шыдам таппай,
Қараушы едік əр қайсына.
Үйіріп-ақ жіберуші ед,
Тілдің дəмін, көздің жауын.
Үйге қарап жүгіруші ек,
Қойнымызда бір-бір қауын...
«Кеңсем де бар – дейтін кейде,
Кеңсесіне келетінбіз.
«Рыбтрест» деген жазу
Қақпасынан көретінбіз.
Шаруасының бар ретін
Кеңсесінен жөндеп алып.
Масаттана шал күлетін:
«Таусылмаса суда балық,
Таусылмайды қызметім!
Оны білем өзім» дейтін!
Бəрі орнымен тап-тұйнақтай.
Қора-қопсы, ауласы да.
Төзімді-ақ бір мəңгі заттай,
Өгізі де, арбасы да.
Бəрі біздің көзге таныс,
Бəрі соның көңілге ыстық.
Жас болсақ та, сондық əр іс
Үлгі екенін көп ұғыстық.
Біз «жолдас» деп жүрдік оны,
Өзі «құрдас» деп алғасын.
Сəбиліктің жүйрік ойы
Аңғарта ма адам жасын?
«Балықшы Иван» деген атын
Ертегідей аңыз етіп,
Айтушы еді елде əркім
Білуші еді оны жетік.
Судағы көп балық сырын
Кім біледі бір өзіндей!
Көрінуші ед бізге ол, шыным,
Бүкіл балық иесіндей!
8
Кейде біздер ақ шатырдың
Ішінде аздап дем аламыз.
Демейді ол «бас қатырдың»,
Береді айтып нелер аңыз.
«Мен осында, сендерге ұқсап,
Торғайымда тудым, – дейді.
Сонау қырда мен де асыр сап,
Көбелекті қудым» – дейді.
«Етікші еді əкем менің,
Өз ісіне шебер еді.
Көн, былғары əкел мейлің,
Жақсы етік қып берер еді.
Көп айтпаймын əке жайын,
Мен де əкеммен «жолдас» едім,
Өліп қалды, неғылайын,
Етіксіз қор болмас едім! –
Дегенменен, оқасы жоқ,
Балықтармен дос боп алдым.
Оқуы бар, тамағы тоқ
Əзірінше қос баламның!»
Қояды ол басын изеп,
Аяқтап боп əңгімесін.
Дейміз тағы анталап кеп:
– Балықтардан не білесің?
– Балықтармен өздеріндей
Өзім күнде сөйлесемін.
Жыпылықтап көздеріндей
Күледі олар кейде сенің –
Деп Қасымның маңдайынан
Қояды ол жеңіл шертіп.
Аузымыздан су шұбырған
Мына ғажап сөзге елтіп.
«Айтшы, айтшы!» деп, шуласамыз,
Аламыз кеп шалдың есін.
Оқып алған біз де айтамыз,
«Алтын балық» əңгімесін.
– Алтын балық көргенім жоқ,
Күміс балық көрдім өзім.
Балық екен өркөкірек,
Жақтырмадым ол мінезін.
Сөйлеспейді меніменен,
Адамды жек көрем – дейді.
Кете бер сен жөніңменен,
Қорықпадым сенен, – дейді.
Ашуланып, мен түңілдім,
Аузыма салып қойдым.
Күмістерін кемпірімнің
Шапанына тағып қойдым!
Дейді беті бүлк етпестен,
Оған біздер өкінеміз.
– Сол балықпен бұл күнгеше
Дос болсаңыз, кетті неңіз? –
Дейміз дағы, қамығамыз
Шал күледі жайлап қана.
Ол айтады тағы да аңыз,
Біз демалып жай жатқанда.
Шал шаруаның түрлі жайын,
Балықтармен көп сөйлескен...
Бірақ əлгі өр мінезді,
Күміс балық кетпейді естен...
9
Кейде Иван ойға қалып,
Дейді: «мұны еске алайын.
Енді түссе күміс балық
Айнымастай дос болайын!
Көрсетейін сендерге əкеп.
Сендер дағы дос болыңдар!
Алып қояр, бəлкім, мектеп
Зерттейтұғын жастарың бар!
Тарту етіп берем дағы,
Күміс балық ауға тез түс!
Қалу керек менендағы
Шынында да бір ескерткіш!
Елу жылдай балық аулап
Қалайша мен аталмаймын!
Өлгеннен соң бəрі қалмақ,
Көрге бірге апармаймын!»
Деп шынымен серт ететін
Ақкөңіл қарт, біздің Иван.
Бізді мəз ғып ерке ететін
Сол жүзі ед-ау сəл жымыйған!
Аулап жүрдік балықтарды,
Баяғы бір үміт арбап,
Күміс балық жолықпады,
Ауды қойып, салдық қармақ.
Бас шайқайды Иван кейде,
Əлде жұмбақ өкінішпен.
«Мен қателік қылғам» дей ме,
Қарар көзбен оты көшкен?!
Алайда ол қамықпайды,
Салады ауын терең жерге.
Сол бір күміс балық жайлы
Айтады аңыз келгендерге.
Ау балықты мүмкін ілер
Деп жүргенде «іздесейік!»
Өтті жылдар, өтті күндер,
Қалыппыз ғой біз есейіп!
Енді сендер іздесіңдер,
Жаңа буын жас балалар!
Шал Иванмен жүздесіңдер,
Сендермен де дос боп алар!
«Суда балық қырылмаса,
Иван өлмес» деген сөз бар.
Сонау қырдан бүгін де аса
Қайран досым жүрген шығар!
Сендерге арнап жазған шағын
Басы болды бұл дастанның,
Жазарсыңдар аяқ жағын
Жас достарым, сырластарым!





Пікір жазу