ЖАРОКОВПЕН ТАҒЫ ДА ТІЛДЕСУ
Жетпіс
– Тəке, Сіз бен біз – жолдас едік!
– «Едік» дегеннің не керегі бар, – дейсіз Сіз.
– Апыр-ау, қалмадыңыз ба мəңгі сөніп?
– «Өлді» деп айтудың – не өнері бар, – дейсіз Сіз.
– Сағындым ғой! – дейтін болдым мен,
– Сағынбасқа шараң жоқ, – дейсіз Сіз,
– Өзімнен кішіге көп кейитін болдым мен.
– Сенен басқа кейитін аға жоқ, – дейсіз Сіз.
– Осы Сіздің менде не шаруаңыз бар,
Түсімнен де, өңімнен де шықпайсыз?
– «Шаруа өлгенде де бітпейді» дейтін аңыз бар.
Тірілер бітіре алмаса –
қайтіп қабақ шытпайсыз.
– Ойнайсыз ғой! – деймін мен.
– Ойнай білетін кісі қалды ма? – дейсіз Сіз.
– Мен Мұқаң, Сəбең, Ғабеңмен... – дейсіз жəне,
– Мен ешкіммен... – деймін іле.
Сіз сəл күлімсіреп, бас шайқайсыз да:
– Онда біздер бала екенбіз ғой, – дейсіз.
– Оған не жетсін! – деймін мен.
Сөйтіп жатып оянып кетем. Сіз жоқсыз.
– Тəке. Тəке! Тəке!
Алыстан əлдеқайда даусыңызды естимін.
– Ғафу, тағы да мен келіп тұрам...