10.07.2022
  145


Автор: Ғафу Қайырбеков

КӨК ШАТЫР ТУРАЛЫ ЖЫР

Ағатай, есіңде егер тұрса, тыңда!
Жай ойнап, төбемізде күн шатырлап,
Қанатын қара дауыл желпілдеткен
Екеуміз тұрып едік бір шатырда.
Жатты алда Бұхтарманың көк теңізі,
Жұтылып талай село кеткен ізі.
Бұрынғы таулар қалған арал болып,
Тағдырдың бəрі қабыл еткен ісі.
Қосшысы ек Ғабит Махмұт баласының,
Қос іні бабын тауып ағасының, –
Теңізден балық аулап келеміз, – деп,
Жұмысқа кетуші едік бір жасырын.
Аға ғой айнымайтын ақ ниеттен,
Шаруадан қалдырмаушы ед талап еткен.
Орыстың ақ сазандай сұлуларын
Тасушы ек қайықпенен арғы беттен.
Ол күнде жеңгей де жоқ, Бəдеш те жоқ,
Бұл күнде бəрі ұмыт, бəрі есте жоқ.
Біз жүрміз Алматының көктемінде
Дүниеде түк білмеген нəресте боп.
Қартайса мақтан болар сөздің бəрі,
Қояйын сырды жазып созбай əрі.
Қанатын қара дауыл желпілдеткен
Бір шатыр тұрады ойнап көзімде əлі,
Дəм татып жылдан болсын, айдан болсын,
Жүрмін ғой қайран аға, қайран досым.
Сан сарай біз бас қосқан, сан ғимарат
Сондағы көк шатырдай қайдан болсын!
Ол шатыр – өмір шығар нұры басым, –
Ал егер олай болса сырым да шын.
Немене алпыс деген азаматқа,
Басыңнан көк шатырың жығылмасын!





Пікір жазу