10.07.2022
  124


Автор: Ғафу Қайырбеков

ПАРТИЯСЫНА ЛЕНИННІҢ

Сексен жыл мына ғасыр төбесінен,
Орасан от күрестің егесінен.
Ойлардың айқұш-ұйқыш тартысынан,
Милардың сықыр-сықыр шегесінен,
Алуан идеялар айқасынан,
Адамзат арманының кемесінен,
Россия аспанына қанат жайған
Қасиетті коммунизм елесінен
Туған ол – большевиктер партиясы,
Қаз-қатар Ленин атты ұлы есімнен.
Сол күннен Ленинмен бірге аталып,
Бойымен біздер кешкен бүкіл тарих,
Келеді ол жеңімпаздар елін бастап,
Түп-түгел планетаның жұрты танып.
Күндей боп жер бетінен көтерілген
Отынан Азаттықтың бір тұтанып
Алған соң, мəңгі-бақи сөнбейтін ол.
Жарқырап санамызда күнде жанып,
Мақсаты, оның нұрлы ойыменен
Тірліктің əр таңында бірге оянып,
Жаңбырын жақсылықтың жаудырады
Жауынгер Совет атты ұлы халық.
«Партия Ленинмен туған егіз,
Партия – десек,
Ленин дегеніміз.
Ленин десек – партия тұрады есте!» –
Осынау ақын сөзін келеміз біз
Ақылдың аспанына тік көтеріп,
Ең ғажап ақиқаттай сенеміз біз,
Кəдімгі арымыздай мөлдір таза
Еңбекпен жуылатын күніге жүз.
Не тарих, нелер дəуір кештік бастан
Келеді ол Ленин туын еш жықпастан.
Дүние дұшпандары қаптағанда,
Шыққанда аждаһалар тесіп тастан,
Лениннің атын айтып аттанғанда
Жеңіске еркін келіп есікті ашқан.
Еңіреп етпетінен түскен талай
Есерлер ес жия алмай есіп, тасқан.
Қайтадан ен бақытқа бастап елін,
Қасқайып тарта берген – ол данышпан!
Тарихтың жарылқаушы,
жасаушысы,
Халықтың бар ақылы, бар сан күші.
Дəуірдің ожданы мен ар, абыройы,
Заманның маңдайдағы мақтанышы,
Партия, – сен дегенде жүрек қунап,
Кеңейіп сала берер жан тынысы.
Адамның кеудесінде кетеді артып,
Өмірге ұмтылысы, талпынысы.
Өйткені сен өмірді сүйікті еткен,
Адамды аласадан биіктеткен.
Қазып-ап қасиетін тереңдегі,
Жайнатып бүкіл елге білікті еткен.
Кешегі кішкентайды бүгін зор ғып,
Кешегі биліксізді билікті еткен,
Дəл бүгін бəйтерек қып шығарасың
Кешегі өз қолыңмен шыбықты еккен.
Өсіргіш адамзаттың бағбаны,
Қызығар қызметіңе сүйіп көктем!
Бүгінгі Қазақстан – шат даламмен,
Аңдаған алтын шатыр, ақ қаламмен,
Басымен бұлт тіреген заводтармен,
Жыл сайын туып жатқан Миллиардтармен,
Көтерген тас төбеме аппақ нанмен,
«Бар бақыт балаларға!» – деген өзің
Бақытты бүгін түгел ұрпақтарың
Бəрімен қосыла шырқап айтқан əнмен.
Мəңгілік сарқылмайтын алғыс – өзен
Бойында тұрып алып мақтанам мен.
Сексен жыл сенің жасың толған тұста,
Бар елге, бар халыққа болған нұсқа.
Ленин партиясының мүшесі! – деген
Рұқсат ет дəл осынау –
мақтанышқа.





Пікір жазу