![](/uploads/shorttexts/author_image/enkenkenek.png)
ДАЛА БƏЙШЕШЕГІ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА
1
Жатыр ол Алатаудың құндағында,
Қаптаған көп бейіттің күн жағында.
Жаз болса бір бозторғай отырады
Сол темір сырлап соққан шарбағында.
Жаз болса бір боз кемпір келеді оған,
Етегін шөп сыдырып жаяулаған.
Қолында боз даланың бəйшешегі,
Дүниеде мүлік жоқтай аяулы одан.
Басына қадап қойып баласының,
Шертеді соған ғана ана сырын.
Жас жуып талай жылдар солғындатқан
Көзінің ұзақ тігіп қарашығын.
Көре алмай тіршілікте бар қызығын,
Жарқылдап жақсы туған жалғыз ұлдың.
Аңырап қалған бейбақ, тірі жандай
Шағады сонау гүлге арыз-мұңын.
Дегенмен жансыз нəсіл гүлдің тегі,
Сол кезде бəйшешекке тіл бітеді:
– Өзімдей туған жердің қуанышы –
Азамат сенің балаң жігіт еді.
Мен емес жабырқатар жақсы ананы,
Тербеткен оны дала ақ самалы.
Жұлдызды жамандаған жан көргем жоқ,
Көгінен күнде құлап жатса-дағы.
Ғұмыры еш нəрсе жоқ гүлден қысқа,
Баянсыз дүниеге бізден нұсқа.
Арман сол – жоқтайтын жоқ гүл анасы,
Жап-жасыл жапырағы көзден ұшса.
Сабыр ет, көп салынба сары уайымға,
Нəрсе жоқ бізден шебер сарғаюға, –
Өлу ғой одан тапқан – бар пайдамыз, –
Деп мақтан: «ана болдым сондай ұлға!»
– Ол дұрыс, – дейді ана, бір күрсініп, –
Тəтті екен кəріге де қу тіршілік.
Қалмадым тым болмаса бір иіскелеп,
Бір қасық өз қолымнан су ұсынып.
2
Менің бір бар еді ерке бала досым,
Мекендеп жүруші едік дала қосын.
Астында ақ жауынның жалаң аяқ
Алаңсыз жүгіруші ек, адам есін
Жиғызбай, əкетуші ед ер табиғат
Кештіріп ала таң мен ала кешін.
Кекілін балалықтың желпіп жайлап,
Тұратын ақ даланың самалы есіп,
Ертістің көк орамал – көк толқыны –
Алтайдан алып келген ана-бесік.
Біздерді тербеуші еді, əлдилеуші ед –
Содан да айрылдық қой, амал нешік!
Өсті ол өте шапшаң өрттей қаулап,
Өтті оның күндері де киіктей заулап.
Зымырап сол күндердің қанатымен
Көркімен жақсы азамат көзді жаулап.
Жүруші ед көшесінде Москваның,
Құшақтап көңілімен бізді баурап.
Бастығы жастық шақтың, жəрмеңкенің –
Төгілген көкірегінен нұры саулап,
Буына болашақтың мас боп, елтіп,
Дүркіреп жүрген кез ғой жүріс аулап.
Бірақ та ұға алмадық оның ойын,
Жастықта қуғанымыз қызық ойын.
Сол кезде бізден бұрын ұғып еді ол,
Дүние жауларының бұзық ойын,
Осынау рақат дүние – бүтіндікті,
Білуші еді жар қызығын, қыздың қойнын,
Алаңсыз сүюші еді кең даласын,
Аңсайтын аралауды түздің бойын.
Жарқырап сол үмітпен сан таң атты,
Амал не, тағдыр оған күн санатты.
Аңыз ғып осы күнде бəрі айтады,
Жат жерде жүрген қазақ-дипломатты.
Атынан ұлы Одақтың сөйлегенде
Тиді ме талантымен итіңе қатты,
Сол жауыз қалтыраған қолыменен
Жігіттің маңдайына бір оқ атты...
3
Желі есті Сардалада өкініштің,
Енді ешкім баса алмайды өртін іштің.
Бəрі де таусылды енді, тірі қыл, – деп
Тағдырға күнде айтатын өтініштің.
Мерт болды туған жердің абыройы үшін,
Менің де қайран боздақ ана түгіл
Күңіреніп осы сəтте отыр ішім.
Бірақ та менің-дағы адам – тұлғам,
Сабыр мен шүкірлікке жаратылған, –
«Күрескен туған Отан намысы үшін, –
Сол үшін маңдайына оқ атылған.
Ұлдардың арманы жоқ – деген сезім,
Сүйенді қайырылған қанатымнан.
Мақтанып, рухына бас иемін –
Досымның жастайынан дара туған.
4
Талай жыл өтіп кетті содан бері,
Дүние сарайында біз жүргелі.
Құшақтап жатыр оны бауырына,
Алаңсыз Алатаудың сызды жері.
Əзірге тіршіліктің дəмін татып,
Барамыз күнді қарсы ап, біз ілгері.
Осынау дара гүл боп қалтырайды
Əмəнда саулық тілеп жаздың лебі.
Баланың таусылмайтын жолдарындай
Ананың маңдайындағы əжімдері...