10.07.2022
  172


Автор: Ғафу Қайырбеков

ҚАРАҒАНДЫҒА СƏЛЕМ

Арқаның жасыл көгін астарлаған,
Сүп-сүйір қара шыңдар аспандаған.
Өлкесі батыр шахтер бауырлардың,
Өшпейтін əсер еткен жастан маған.
Қашанда қасиетті Қарағандым,
Қанша рет сені толғап, қалам алдым,
«Жалғадым мың отыңа бір отымды»
Ең алғаш кескініңе қараған күн.
Кезі еді ол жасырақ та, күштірек те,
Бойладым лаваң менен штректе.
Домалап горизонттан – горизонтқа,
Шыдамай сырттан соққан күшті лепке.
Түнекті шамдарымыз үңгіп тесіп,
Еңбектеп, тар қуысқа сүңгіп, кешіп,
Самсаған тіреулердің арасымен
Көмірдің мəселесін жүрдік шешіп.
Мақтанам осы күні сол шағыма,
Рақмет сонда берген қол шамыңа.
Əлі де жарық шашып тұрғандай ол
Мен төккен маңдай тердің моншағына.
Ақындық сапарыма тілек қостың,
Қолдадың, қолтығыма білек қостың.
Қасиетті, қайрымды Қарағандым,
Қабыл ал бұл сəлемін жүрек-достың.
Өмірді қызметіне арнап көптің,
Өтеді тіршілікте заулап көп күн.
Сол күннің екі-үшеуін саған беріп,
Еркелеп, құшағыңда аунап кеттім.
Баяғы бауыр көңіл, ер жүрекпен,
Қарадың ақыныңа елжіреп сен.
Қыстың да бар денемді сықырлатып,
Сүйдің кеп аязыңмен екі беттен.
Сол биік риза болдым туысыңа,
Толтырып тіршілікті уысыңа,
Баяғы қарқыныңмен кеттің кіріп,
Сəт сайын қаһармандық жұмысыңа.
Еш кінə сақталмайды ер көңілде,
Ақын жан құс боп ұшар ел көгінде.
Бір шоқ гүл өлеңіммен берем өріп,
Мен саған тағы айналып келгенімде





Пікір жазу