10.07.2022
  127


Автор: Ғафу Қайырбеков

МЕНІҢ АУЛЫМ

Далада омырауы ашық жатқан сұлап,
Торғайдың жалпақ тұсы – «Батпақ суат».
Белінен кешу бермес тасығанда,
«Жалынып жыласаң да хақтан сұрап».
Емес қой Аманкелді осал ағаң,
Торғайға шабуылын оң санаған.
Санына көз сүрінген сарбаздарын
Сал байлап өткізіпті осы арадан.
Дəуірдің қарқынындай ес тандырған,
Үстінен алуан керуен аттандырған.
Ал қазір сол арада алып көпір
Денесін темір, бетон, тастан құйған.
Кетеді жер жасармай, жер тірілмей,
Ерліктің елі барда кепіліндей.
Жалғаған бүгінгі мен болашақты
Заулаған замананың көпіріндей.
Мұнара – Теледидар көк тіреген,
Секілді кеуде жарған өткір өлең.
Ақ бұлтпен анда-санда көзін сүртсе,
Аулымның алдына кеп отыр əлем.
Оң жақта пионерлер қаласы анау,
Ғанибет оны барып, тамашалау.
Бір тұста кеше ғана туған совхоз
Көтерген төбесіне жаңа жалау.
Жетім күн жел өтінде тезек тердім,
Көң-қыстау арасымен бейіттердің.
Ал қазір аралаймын шаһарларды –
Қасымда енді жазар кейіпкерім.
Бір кезгі «Болъшевиктер ауылы» еді,
Көтерген революция дауылы еді.
Көтеріп заман қолы оны қазір
Жайнап тұр шын бақытын тауып енді.
Мақтанам, ұшқыр сезім мақтанышқа,
Жетпейді көк жүзімен аққан құс та.
Хақым жоқ қуанбауға, коммунистер
Өлкемді өрге сүйреп жатқан тұста!





Пікір жазу