10.07.2022
  83


Автор: Ғафу Қайырбеков

АҚҚӨЛГЕ ҚАРАП

Ақ көл ме, əлде аққудың көлі ме едің,
Көргенім осы алғашқы сені менің.
Бар сүтін қотарып ап кең даланың,
Жомарттай сыйлап жатқан төңірегін.
Сен аппақ, саған төнген аспан да аппақ,
Ағартқан дүниені қос қабаттап,
Ол аздай аққуың мен ақ шағалаң
Ойнаған суды сызып, көл сабаттап.
Таңданам мынау тегіс ақ əлемге.
Қиналам сыйғыза алмай сені өлеңге.
Ашылған алып кітап секілдісің
Толқындар аударыла жөнелгенде.
Жағада жүз жасаған шалың да аппақ,
Үйренген дүние сырын жаны жаттап.
Ол-дағы саған ұқсап үндемейді
Үстінен өтіп жатқан тарих аттап.
Балықтар жем екен деп бұлтты қапқан,
Бейсауат жан көрмейсің мылтық атқан.
Үйректер үйреніскен көршідей боп,
Астында қолтығыңның бүлкіл қаққан.
Көп жүздім иек артып көк толқынға,
Ақ көбік отауланып жатты артымда.
Арбадың алысыңды жақын етіп,
Шаршатып, салмақ па едің қақпақылға.
Жоқ, кешір, сен сыпайы көлсің момын,
Естігем ешкімменен өшің жоғын.
Көң-қоңыр, сүйек-саяқ жиналмаған
Мөп-мөлдір түбің таза – есіл көлім.
Ешкім кеп көмір төгіп, май құймаған,
Тас, темір лақтырысып, лай қылмаған.
Сондықтан бал татыған балықтары
Дерттеніп, қырылам деп қайғырмаған.
Арман тек – көз тимесін көлім саған,
Адам көп сұлулыққа қол жұмсаған.
Ғажабын табиғаттың көрген сайын
Қалады бір тазарып көңлім, санам.
Қалады бір биіктен құсым еркін,
Ақ көлім, тамаша ғой туысың, көркің.
Атамның арғы тегін аңыз етіп,
Апамның, тілін еске түсіретін...





Пікір жазу