10.07.2022
  85


Автор: Ғафу Қайырбеков

Бозша талдың жапырағы-ай...

Бозша талдың жапырағы-ай,
Күн көзіне кеппейтін.
Тосын төсі мамыражай,
Жастық иісі кетпейтін
Қартаймайтын арудай.
Салқын түссе – күн ыстық –
Алма-кезек осылай.
Мəңгі қойны тыныштық,
Маужыраған Тосын-ай!
Кетер сағат болғандай...
Сабасына сөз құймай,
Қоштасуға қол бармай,
Соңғы ретке көз қимай,
Сол бір сəтте ақырғы
Болды ұсыныс тың мына:
«Аунатайық ақынды
Өзі туған құмына!»
Деді тапқыр жас жігіт:
Болды қызық ал, саған!
Дəу Сырбайды қапсырып,
Алып ұрды алты адам.
Тұрған ақын көйлекшең,
Көпке қанша бар əлі.
Дауыл жыққан дөңбекше
Домалап-ақ барады.
Тоқтар емес ол, сірə,
Қырдан ойға дедектеп.
Кіл еріккен жолшыға
Ен далада ермек көп.
Ақын да мəз, біз де мəз, –
Сирек көрген бұл жайды
Қорбаңдаған кіл «сабаз»
Қуа-қуа Сырбайды,
Қыр басынан, сол шыңнан
Талай жерге жетіппіз.
Қимай тұрған Тосыннан
Оңай шығып кетіппіз.
Көзде жасы мөлдіреп,
Тосын деген данышпан:
«Бəрі сол ғой – өмір!» – деп
Қол бұлғайды алыстан.





Пікір жазу