10.07.2022
  77


Автор: Ғафу Қайырбеков

БАҒБАН

(Вячеслав Чернышқа)
Қырық жылдан əрірек
Жазда, бір күн шуақта,
Секілденіп қос үйрек
Ұшып келген бұ жаққа.
Украин жас жігіт
Қол ұстасып жарымен.
Келді алыстан асығып,
Жалғыз шамаданымен.
Жоқ еді орыс Торғайда,
Ортаға кеп сыйланды.
Онда қазақ ойлай ма
Орыс қой деп Иванды?
Оның өзі жүдə қарт, –
(Еске алайық сабазды).
Қазақтармен тұра қап,
Бірге оқитын намазды.
Солай əлгі жас жігіт
Билегендей жер-көкті,
Алғаш іске қостырып,
Радионы сөйлетті.
Ай күзетіп, күн бағып,
Елге өнерін сыйлаған,
Күнде хабар тыңдадық
Совинформбюродан.
Соның өзі ғажайып
Азаматтық болатын.
Не құрметке лайық
Қалдырды елге ол атын.
Енді қазір құрметті
Демалысқа шыққан ол.
Ауласына шап-шағын
Гүл өсірген, бақ еккен.
Жетпейтіндей құшағың,
Орман болған шақ екен.
Сонау жерде аядай
Бүкіл əлем орнаған, –
Құдіретті жандар-ай,
Табиғатты қорғаған.
Табиғатқа сүйсінген,
Əсемдікті құндаған.
Бұл тамаша ісімен
Мəңгілікті жырлаған.
Неткен ұлы жандар бұл
Жақсылықтың шебері!
Бақшасына сан бұлбұл
Ылғи таңда келеді.
О, ғажайып, ерлік сол
Кетпейді көз алдымнан:
Бар уақытта еңбекқор,
Бар уақытта бағбан.





Пікір жазу