10.07.2022
  78


Автор: Ғафу Қайырбеков

МЕНІҢ ҮЙІМ

Қаласында Торғайдың
Бар кішкентай бір мекен,
Əлсін-əлсін ойлаймын –
«Аман-есен тұр ма екен?»
Қанша жыл мен қаншама ай
Көкейімнен кетпейді,
Дүниедегі кең сарай
Нансаң – соған жетпейді.
Барған сайын соғамын, –
Жаным жұмбақ бір күйде.
Қайда тұңғыш сол əнім
Жаңғырыққан бұл үйде?
Қайда тұңғыш көз жасы –
Жетімдіктің қайғысы?
Сағыныштың ұясы
Секілденген байғұсым.
Өз ойымнан шошимын
Көңілімде секем көп:
«Бір күн жұртын осы үйдің
Қырып тастар ма екен?» – деп.
Сақтаңдаршы туысым,
Менің қайран ел ішім,
Тым болмаса жыр үшін,
Болмаса да мен үшін!





Пікір жазу