10.07.2022
  101


Автор: Ғафу Қайырбеков

БІР АУЫЗ ƏН

...Тағы есімде...
Əрең қарсы ап əр таңды,
Суық пешке
Сүйеп қойып арқамды,
Жарты-ақ уыс қуырып ап бидайды,
Жай ыңырсып,
Айтушы едім жарты əнді.
Бүтін əнге
Бүтін үзім нан керек.
Сен айтқанмен
Сені тыңдар жан керек,
Тіршіліктің тарантасы
Қаңсыған
Шаңды жолда
Əн айтады дөңгелеп.
Оның əні –
Ең көңілсіз əн еді.
Бар арманы –
Жалғыз уыс дəн еді.
Иə, ол үшін тақиядай тар еді
Ұлан байтақ дүниенің
Əлемі.
– Бір ауыз əн
Айтып жібер, қарағым! –
Əлі есімде,
Деген сөзі анамның.
Мынау тілек –
Жақсылықтың өзіндей
Жүзіне оның
Ұзақ-ұзақ қарадым.
– Бір ауыз əн
Айтып жібер, – деді жұрт.
Көкіректе қайғы да ұмыт,
Шер ұмыт,
Жас дауыспен,
Жас екпінмен жырладым
Жалпы бақыт
Келгендігін мен ұғып.
Оған, қайда,
Он-ондаған жыл ақты,
Елестетіп сыңғыр-сыңғыр бұлақты.
Бірақ, бірақ
Жарты өлең мен жарты нан
Жаңа ғана болған тарих
Сияқты.
Бір ауыз əн!
Ғажап-ақ қой кеңдігің!
Айтар елдің
Артықшылық, кемдігін.
Бір ауыз əн,
Кең даланы кернедің
Кереметтей көп əн болып
Сен бүгін!
Уақыт қазір
Ел көңілінен əн туған,
Сол əнде тұр.
Бақытым мен бай тұлғам.
«Нан болмаса,
Əн болмайды», – деген сөз
Қанша дұрыс,
Қаншама дəл айтылған!





Пікір жазу