10.07.2022
  156


Автор: Ғафу Қайырбеков

БІР ҮЗІМ НАН

Ақынның аңсағаны
Таң самалы,
Самалда жүрек қунап,
Əн салады.
Самалда самолеттен
Түскен мені
Арқаның ақ сұлуы
Қарсы алады.
Самалда жібек көйлек
Жеңі толқып,
Əлгі қыз көзі қорықпай,
Өзі қорқып,
Майысып талша бойы
Нан ұсынар,
Киіктей даласынан
Келген жортып.
Хош иіс –
Қыз иісі ме, нан иісі ме, –
Тарайды сол бір сəтте
қан ішіңе.
Бір үзіп аппақ наннан алып тұрып,
Тағдырдың ой жіберем əр ісіне.
Есімде... соғыс жылы маған таныс,
Дерт – сүзек өмір үшін сол арпалыс.
Бір үзім нан ұсынды анам менің –
Үміттің соңғы жібі бір-ақ қарыс.
Білмеймін қайдан тапты, қайдан алды?
Бір шолып əлсіз көзбен айналамды,
Аузыма тоса беріп, қоя қойдым,
Қимадым жеп қоюға қайран нанды.
Жеп қойсам, өмір солай бітетіндей –
Алдымнан қараңғылық күтетіндей,
Қалтырып тұрып алды, шіркін, тірлік
Нан болып көз алдымда бір титімдей...
Мынау нан қанша үзсең де –
таусылмаған,
Жеткізген үлкен ырыс даусын маған.
Күп-күрең қабығынан бір сындырып,
Иіскеймін, алдыма кеп асыл далам.
Қуанам, алдыма кеп қарындасым,
Өмір-ай, енді менің жанымдасың.
Бір кезде үзім нан боп елестеген
Жүрегім қайтіп сені сағынбасын!
Бұл күнде терек болған –
сол шыбықпын,
Үзімнен қадіріңді мен шын ұқтым.
Жалғаған сенен артық еш шебер жоқ
Арасын жоқшылық пен молшылықтың!





Пікір жазу