БІР УЫС ДƏН
Өтті жаңбыр,
Жас моншақтай
Алтын сабақ көзінде,
Балқып Тамыр,
Дымқыл сақтап,
Желі тартар кезінде.
Бір сүйемдей
Бой тастады
Бірінші дəн жоғары.
Екінші дəн
Топырақтан
Бас шығарған жоқ əлі.
Жас қыздардың
Жіпке тізген
Маржанындай баяғы.
Бір сабақтан
Аттап-аттап
Дəн қанатын жаяды.
Алғашқы дəн
Соңғы дəнді
Інісіндей жетектеп,
Жер бетіне
Шығарады
Желі тартып, ол ептеп.
Сол соңғы дəн
Жерді жарған
Нағыз бидай – сол егін.
Біз тілеген
Бір жаңбырдан
Көбейтетін көлемін.
«Бас алу», – деп
Соны айтады
Бапқа шебер диқандар.
Бас алған соң
Талай тағы
Балғын егін күй таңдар.
Балбыраған
Уыз дəнді
Күн қыздырып бекітер.
Күреңітер,
Қызу қанды
Жел тербер де – жетілтер.
Бір сабақтан
Бір уыс дəн
Алғаш шулап үн қатар.
Таусылмайтын
Тіршіліктің
Əнін айтар – жырлатар
Сол уыз дəн
Бір туысқан –
Қаптың аузы жоғары.
Ол дап-дайын.
Қай комбайн
Көмейіне соғады? –
Ол белгісіз,
Бірақ адам
Қолына алған – уыс дəн,
Сонау дəнмен
Тамыр, қанмен
Мəңгі-бақи туысқан.
Кетпейді естен
Көктей өскен
Егін бойлап жүрсем-ақ.
Сол баяғы
Бір уыс дəн,
Көк бойлаған бір сабақ.