10.07.2022
  98


Автор: Ғафу Қайырбеков

БІР ЖАҢБЫР

Биыл да егін мол жылы
Керек боп тұр бір жаңбыр.
Жолаушының қоржыны
Жүрмеуші еді құрдан-құр.
Қалың елдің ортасы,
Сізден осы қолқасы,
Қате кетпес деуші еді
Ақындардың батасы.
Еркін айтты бір сөзді,
Енді қайттік? – дедік біз,
Біле тұрып бұл кезді,
Тəуекелмен келіппіз.
«Болар, – дедік, – дəл бүгін, –
Сəуегейлік құрғандай.
Ақындардың жарлығын
Аспан естіп тұрғандай.
Түске дейін көзіміз
Қаңтарылды көк бағып.
«Келді кетер кезіміз
Нағыз суайт атанып!» –
Дейді біздің ағамыз,
Бір ұятты күйге еніп.
Бильярдты соғамыз,
Үлкендерден үйреніп.
Жағдайымыз «нешауа!» –
Жатқан қонақ күй баптап.
Шыға келді түс ауа
Аспанды бір бұлт қаптап.
Уəде сөзі – тəтті екен,
Бетке сəуле жүгірді.
Бірақ жел де қатты екен,
Бұлт етегі түрілді.
Зəресі ұшып ағаның,
Тағы уайым жейді енді:
– Бұлт біздікі, қарағым,
Жел сіздікі! – дей берді.
Күдік, күлкі аралас
Жамырастық сонда бір.
Абырой келсе – қарамас,
Құйып берді мол жаңбыр.
Кеттік таяқты ала сап,
Сарт-сұрт етті бильярд.
Көзімізде болашақ
Жарқ-жұрқ етті миллиард.





Пікір жазу