НЕМЕРЕМ АЙДАРҒА
Шөлде өскен жиде секілді
Жаутаңдап қарар аспанға,
Ежелден серік жетімдік,
Бай емес едім бастан да.
Араға салып талай жыл
Сен келгенде дүниеге,
Дариядай тасып, қалай бір
Қуанбайын мен неге?
Қуанды атаң ес қалмай,
Бақыт қой, шіркін, қуаныш!
Бұдан əрі кеш қалмай
Туғаныңа мың алғыс!
Өмірдің соңы – бір нүкте,
(Табиғат заңы неткен шын!)
Ұлғайған сайын тірлікке
Сене де бермейді екенсің!
Қырқыңнан кейін кездестім,
Өзімді – өзім бөгедім.
«Ілінбей жүрер көзге ешкім –
Көзі тоқтасын», – дегенім.
Қарадың сəл-сəл сен маған,
Шалықтап күлдің содан соң,
Сəлемің еді ол жолдаған,
Сүтіңе тойып болған соң,
О, құдірет!» – дедім мен, –
Күліп сонда ішімнен.
Амандаспаушы едім мен
Тойып болмай кісімен.
«Əкең де сондай еді» – деп,
Айтатын ылғи анашым.
Жүрегім тұрды елжіреп,
Жас кернеп көздің шарасын.
Жарайды, шырақ!
Жасай бер,
Байғұс атаң бақсы екен!
Шақшаңды бері тастай бер,
Насыбайың жақсы екен!
«Əптішу!» – пай-пай, мынадан
Бұхардікі бұйым ба?
Тағдырдан жақсы сұраған, –
Бере салса – қиын ба?
Тілегім – дос пен жақынның
Бəрімен ниеттесіп өт!
«Жақсылар кірген есік ед –
Нəсіл деген осы! – деп,
Айтып жүрсе арман жоқ, –
Кəдімгі Ғафу ақынның
Кəдімгі немересі! – деп.