10.07.2022
  92


Автор: Ғафу Қайырбеков

Қош, Вена, қошеметің баста асқан...

Қош, Вена, қошеметің баста асқан,
Өрнегің ағаш, темір тасқа басқан.
Оранған алтын, күміс, меруерт, жақұт,
Өнердің бірде-бірін тастамастан.
Күмбірлеп бүкіл денең күй сандықтай,
Мүлгіген соны тыңдап мың сан, жұрттай.
Үніңді тыңдап жаным көп түледі,
Тіліңді кей уақытта тұрсам да ұқпай.
Достықтың əрқашанда дұрыстығын,
Айттың сен, адамзатқа ырыстығын.
Дедің сен: «Ақ шараптай бөлісейік,
Əлемнің балдай тəтті тыныштығын!»
Сол тілек біз бен сені көрістірген,
Күндерге не жетеді тегіс күлген.
Алыстан іздеп келіп, білек қосып,
Гүліңді алаңдарда егістім мен.
Сонау гүл бізді қайта жолықтырсын,
Ұрпаққа қайырлы күн соны ұқтырсын.
Қош, Вена, кездескенде гүл шоқтары
Жайқалып құшақтарда толып тұрсын!





Пікір жазу