10.07.2022
  77


Автор: Ғафу Қайырбеков

Қоштасарға қол ұсынып...

Қоштасарға қол ұсынып,
Достық қоғам төрағасы.
Көк орманға алып шығып,
Берді бізге қонақ асы.
«Жас шараптың қалашығы» –
Деп атайтын мекен екен.
Содан Вена бар асылы,
Шарап ішіп кетеді екен.
Отырдық біз жағалай кеп,
Жарқ-жұрқ еткен əсем залда.
Бір хош иіс соғады леп,
Дəмі ұқсайтын тəтті балға.
Кетті сөйлеп Штраус,
Шағын ғана оркестрден.
Естілмейді еш бір дауыс –
Тек ғажайып күй естілген.
Кештің мынау кіріспесі,
Аяқталған сəтте барып.
Кетті сөйлеп ас иесі,
Бізге шолып қарап алып.
«Дос көңілге, – сыйластыққа,
Мəңгі бейбіт баяндыққа!»
Деді бастық, күміс тұтқа,
Кружкасын қадап жұртқа.
Тостағанда толқып шарап,
Шымырлайды быж-быж қайнап.
Жұттық соны жалт-жұлт қарап,
Көкіректе бұлбұл сайрап.
Екі жүз совет адамының,
Атынан бір сөйледі ақын.
Дүниенің амандығын,
Тіледі ол жанға жақын.
«Сұлу Вена амандығын,
Музыканың амандығын.
Сақтайықшы бəріміз боп,
Мынау бейбіт заман күнін!»
Дегенде ол, зал тік тұрып,
Ант шарабын алды сарқып.
Күреңітіп, сылқ-сылқ күліп,
Сіңді шарап бойға балқып.
Есіңде ме, інім, баурым,
Бəрі мəлім саған енді.
Есіне алып бүкіл аулын,
Сол сөйлеген ағаң еді...





Пікір жазу