![](/uploads/shorttexts/author_image/enkenkenek.png)
Швахценберг алаңы – мына парк...
Швахценберг алаңы – мына парк,
Тағы биік ескерткіш күн аударып.
Тас кітаптың оқимын жазуларын,
Көз алдымда өткен күн мұнарланып:
«Құлбасов Ғабиден
Байжанов С.
Хусаинов Қасым,
Аббасов М.
Абдуллин – 1946, июнь»
Үш ел көрдім жолшыбай бұдан бұрын,
Бəрінде де ескерткіш – туған жылын.
Өлген жылын анықтап, жазып қойған –
Қанды қырғын соғыстың құрбандығын.
Ал мынау не? Жеңістен бір жыл кейін,
Ерлер үйге оралған күнге шейін.
Мұнда соғыс сол кезде бітпеген бе? –
Бір адам жоқ білуге тұрған бейім.
Тағы менің жүрегім кешті ауыр мұң,
Жатыр соңғы айқасқан бес бауырым.
Бəрі маған жап-жақын тетелестер,
Он тоғызда бəрі де ашқан гүлін.
Ашқан гүлін, қайтадан жапқан сосын,
Жүрек сыздап, қараймын жаным шошып,
Сұм кесепат, зіл-зала,
Сұмдық соғыс,
Тағы менің миымды кетті осып.
Гүл əкелдім бір құшақ жуық маңнан,
Не пайда бар көңілді жылатқаннан.
Болды маған түскендей мынау тасқа,
Көз жасы емес, бір тамшы тулап қаннан.
«Қайран бауыр, қазағым» – дедім іштен.
Жалғыз дəмін досымен бөліп ішкен.
Мұнда-дағы ақ көңіл жұмсап байғұс,
Ең ақырғы күнде де бірге өліскен.
Бұл бейітте он бес мың біздің солдат,
Өздері өліп, Венаны қалған қорғап.
Тұр соларды құшақтап, болып сая,
Мəңгіліктің жыршысы мынау зор бақ.
Штраус, Бетховен, Моцарт, Шуберт, –
Брамспенен бесеуің, ұлы күй шерт, –
Аруағына бұл боздақ бес қазақтың,
Тас кеудемнен айықсын мұң менен дерт!