Наполеон Австрияны алған шақта...
Наполеон Австрияны алған шақта,
Соншама сұлулықты қалған сақтап.
Бір сұлу екен дейді Мария Луиза,
Сыйғызған жарты əлемді ақ құшаққа.
Жарты əлем, жарты құдай – Бонопартты,
Сол сұлу айдаһардай бір-ақ тартты.
Дүниенің төбесінде жүрген тəңірің,
Сүрініп əсемдікке, құлап қапты.
Франц Армштад – жан қызығы,
Сол екен Наполеонның жалғыз ұлы.
Сан сылқым, сан əйелден түк болмаған,
Кім білсін кездесті ме қан бұзығы.
Австрия императоры – Франц Иосиф,
Құтылған Бонапарттан қызын қосып.
Үнемі жортуылда жүрген əке,
Үй бағып отыра ма ұлын тосып.
Уақыты тарих білер болмағанын,
Бетінен бір сүюге сол баланың.
Ең алғаш есіне бір түссе керек,
Білгенде Россиядан сорлағанын.
Содан соң сан жеңіліс, қайтқан бақыт –
Бермеді қатал тағдыр оған уақыт.
Жамырап жаман туыс бетіне кеткен,
Бір кезде алып берген алтын тақыт.
Туысқа Наполеонның еңбегіндей,
Еңбек жоқ – сол қадірін өлген білмей.
Аямай Италия, Испанияны,
Берген ол үлестіріп көйлегіндей.
Жатқанда «Əулие Елена» аралында, –
Сол туыс, бəрі түгел аманында.
Біреуі хəл сұрауға жарамаған, –
Деген сол – «əр арыстан заманында».
Тұтқында айналасын тас қашаған,
Көзге ұрып, ешкім оны жасқамаған.
Ол сонда жан тапсырар кезге дейін,
Аузынан жалғыз ұлын тастамаған.
Жалынып тағдырына, адамдарға,
«Тілеймін, əкеліңдер баламды алға.
Бетінен бір-ақ сүйем», – деген екен,
Ешкім де тыңдамаса, амал бар ма?
Болған ғой өзі дағы қату аса, –
Өтем – деп дүниені астыма сап.
Шынында сол дүниенің қажеті не,
Түбінде жалғыз ұлға татымаса?!