10.07.2022
  100


Автор: Ғафу Қайырбеков

Белгілі мынау Бельведер –

Белгілі мынау Бельведер –
Венаның алтын алқасы.
Əуелі соны көрген ел,
Жалтылдап тұрған əр тасы.
Леопольд патша бірінші,
Салдырған мұны ең алғаш.
Сықасып тұрған нұр іші,
Қашанда бұған күн жалғас.
Содан соң оны көркейткен,
Патшадан патша салт тұтып.
Мəңгілік сарай – бой жеткен –
Қарайсың əлі дəт бітіп.
Əлемнің əміршілері,
Жиналған не бір шақтарда.
Тұсалған өмір шідері,
Шешуін таппай жатқанда.
Қолдары сонда қойылған,
Келісім, бітім, шарттарға.
Соғыстан, қыру-жоюдан,
Дүниені аман сақтауға.
Венада өткен не бір сан,
Мəжілістердің құдайы.
Осында болған ойласаң,
Опыр да топыр ұдайы.
Еуропаның жүрегі –
Ғасырлар тұтқан ел бедел –
Вена болса, тірегі –
Осынау ғажап Бельведер.
Айтуға тілің жеткізбес,
Салтанат-сəні не түрлі.
Бір келтірмей кеткізбес,
Өзі бір əлем секілді.





Пікір жазу