10.07.2022
  153


Автор: Ғафу Қайырбеков

Кел, жарым, аралайық Вена орманын...

Кел, жарым, аралайық Вена орманын,
Тербеген ғасыр бойы адам жанын, –
Əлемге аты шыққан бұл көк жаһан,
Тарихтан болар, бəлкім, саған мəлім.
Бұл – орман ақ сəбидей тербетеді,
Қиялық көз көрмеген жер кетеді.
«Төрінде Еуропаның қол ұстасып,
Жүргенбіз», – деген сөзге не жетеді!
Шашыңды тара Вена самалымен,
Жалаңаш жапырақ бас табаныңмен.
Жайылған анау бейбіт құралайды,
Асыра ақша талдың сабағымен.
Созылған алып орман қырдан қырға,
Жолымен жалғыз аяқ зырла-зырла!
Анау бір шеткі үйге көзіңді сал,
Бетховен келеді екен жылда мұнда.
Толтырып торы сыра тостағанға,
Ол жомарт үлестіріп дос-жаранға.
Орманның он сан үнін тыңдайды екен,
Бір ауық шабытынан босағанда.
Жүр, жарым, адасайық осы орманда,
Жолығып баяғыдай жас арманға.
Шашылып таза ауаға күлкің қалсын, –
Куə боп қазақ серуен жасағанға.
Бұлбұлдың естідің бе сайрағанын,
Сенің де сонау əсем қайда əнің?
Бір шырқа, сенен басқа қандай туыс,
Жаңғыртып əн салады Вена орманын!
Жіберген ақ елшідей елің сені,
Бұл жерде ақтарылсын өлең селі.
Деп сені Вена орманы аңыз қылсын:
«Сондағы сол қазақтың келіншегі!»
Деме сен: «Қайда бұдан əн асыру»
Əрине, Вена сұлу, орман сұлу.
Əйтсе де сене алмастан мен кетемін,
Дегенге «Сенен артық болған сұлу».





Пікір жазу