10.07.2022
  110


Автор: Ғафу Қайырбеков

Тып-тыныш Вена түні бұл шақтағы...

Тып-тыныш Вена түні бұл шақтағы,
Баладай балқып жатыр құндақтағы.
Курсалон деген əсем залға келдік –
Қонақтың құшағында гүл қаптады.
Жағалай отырыстық төрдің бетін,
Үстіңнен меруерттер төгілетін.
Жағалай асыл айна көмкерілген,
Бір өзің төрт-бесеу боп көрінетін.
Бұл залда Штраус өзі ойнаған,
Көрініп көлеңкесі көп айнадан.
Вальстің не төресі шалқығанда,
Қиылып қыпша белдер, би қайнаған.
Қос сиқыр – Иоган, Иозеф кезектескен,
Вальстер жан өртеген, өзек тескен.
Ауаға алып ұшып аруларды,
Жердегі тіршілікті сөз етпестен.
Кеткендей Дунай толқып, іште тасып,
Айқасып ақ білектер, құшақтасып.
Судырап кілең аққу қанат қағып,
Бəрі де айналаңның жұпар сасып.
Көз тұман, көңіл жұмбақ, көкірек ашық,
Жүргендей жермен емес, көкті басып.
Ұшасың екі дүние арасымен,
Қақпасын жеті жұмақ еркін ашып.
Балбырап алпыс екі тамыр балқып,
Болғандай өз денеңе сүйек артық.
Күйдіріп деміменен одан сайын,
Бір сұлу иығыңа иек артып.
Бақыттан жылайды адам көзін сулап,
Түсердей тар кеудеден жүрек тулап.
Тілейсің осы сəттің ұзақтығын,
Боса да болмаған соң қайта тумақ.
О, мынау құдіретін-ай Штраустың!
Мінезін бізге сыйлап ұшқан құстың.
Көтеріп тастады ғой бір биікке,
Мен өзім жеті қабат аспан құштым.





Пікір жазу