10.07.2022
95
Көшесінде Венаның...
Көшесінде Венаның,
Еске салып салтты өткен.
Күймелерге қарадым,
Кілең аппақ ат жеккен.
Ақ тұлпарлар атақты,
Вена даңқын шығарған.
Алып келіп баптапты,
Сонау алыс шығаннан.
Испаниядан жеткізген,
Үлкен ұлы Марияның.
Алтын күйме жеккізген,
Қуу үшін арманын.
Жылқыда есті жануарлар,
Жан айта алмас киесін.
Кеудесінен қан майдан,
Алып шыққан иесін.
Туғанында қара боп,
Өсе келе ағарған.
Қарағанда жанады от,
Жаутаңдаған жанардан.
«Наполеон Неманнан,
Россияға өтерде.
Сол ақ боз ат жоғалған,
Жоғалуы бекер ме?» –
Дейді маған веналық,
Бір қария тіл қатып.
Ел аңызы – даналық,
Айта алмайсың шынға түк.
Мен айтайын не біліп,
Сөз аяғы үзілген.
Қараймын тек телміріп,
Əлгі аттардың ізінен.