10.07.2022
  106


Автор: Ғафу Қайырбеков

Канал Дунай – көк белбеу...

Канал Дунай – көк белбеу,
Белін Вена ораған.
Сан көпір мен өткелдер,
Қан тамырдай тараған.
Өн-бойына қаланың,
Жапырақтар дым тартып.
Статуялар жанарын,
Күнге қадап, тұр балқып.
Ақ денесін жуынған,
Фонтандарға бой төсеп.
Күміс шыбық буынған,
Сұлуларда жоқ есеп.
Аң ба, құс па, адам ба –
Бас көзінің бəрі су.
Мынау əсем ғаламда,
Мəңгілікпен жарысу.
Дунай, Дунай – пəруана,
Көк сауырлы етікті.
Ғашық болып Венаға,
Қойнына кіріп кетіпті.
Бір кеткен соң Аллаға
Енді арызын айта алмай.
Жатыр дейді арманда,
Арнасына қайта алмай.
Махаббаттың заңы сол –
Құшақтаса құтқармас.
Мəңгі бақыт, мəңгі сор –
Үшіншіге түк қалмас.





Пікір жазу