10.07.2022
  92


Автор: Ғафу Қайырбеков

Сыңғыр қаққан өрнектері не түрлі...

Сыңғыр қаққан өрнектері не түрлі,
Магниттей бұрғызбаған бетіңді, –
Мынау тұрған операсы Венаның,
Тастап емес, күйден құйған секілді.
Мұнда Моцарт əлем жанын тербеген,
Мұнда Штраус қан боп, тамыр кернеген.
Мұнда Шуберт жапырақтарды сөйлеткен,
Алып Бетховен құдіреті өрлеген.
«Бұл да бала – мынау жалған пəни!» – деп,
Алдына алып, жас сəбидей əлдилеп.
Сол сабаздар тербеткенде дүниені,
Сала берген қуат билеп, əл билеп.
Бір жағында академиясы өнердің,
Қос-қос музей – оны үлгіріп көрер кім.
Бүкіл қала – таланттардың жыршысы,
Ескерткіші туған сансыз шебердің.
Олар көтерді өзі туған ғасырын,
Ел көтерді өзі туған асылын, –
Қос əлпешке куə болған бұл Вена –
Аямай-ақ айтады екен бар сырын.
Мынау Вена университеті аңсаған –
Азбайтұғын ақ мəрмəрдан қашаған, –
Салған мұны Рудольф жетінші, –
Бұл дүниеде жеті ғасыр жасаған.
Австрияның өзіменен құрдас ол,
Барлық үйдің ақсақалы мұнда сол.
Одан əрі патшалардың сарайы,
Иін тірескен, иықтасқан оң да сол.
Тар көшелер – үй мен үйдің арасын,
Қол созым-ақ жер екен деп қаласың.
Аяқ бассаң – бір тарихи мекеннің,
Сырына сен түрегеп тұрып қанасың.
Солай Вена – таусылмайды қызығы,
Пəлен жылғы жақсы ойыңның үзігі.
Секілденіп шыға берер алдыңнан,
Жалын оттар жасыл, күрең, қызылы..





Пікір жазу