10.07.2022
  114


Автор: Ғафу Қайырбеков

Бұл парк – Еуропадағы ескі парк...

Бұл парк – Еуропадағы ескі парк,
Күндерде қансыраған есін танып.
Қаһарман қайран менің бауырларым,
Тағы да белден оқты кешіп барып.
Осыны қорғап қалған жанын төсеп,
Жаралы жапырақпен төсін жауып.
Осында алты бейіт орналасқан,
Жорықпен төрт жыл айқас-жолдан асқан.
Алты мың сай тасындай сабаздарың,
Ентігін ереуілдеп зорға басқан.
Құшақтап Братислава топырағын,
Мəңгіге жатыр мұнда қозғалмастан.
Ғажайып статуя көтерілген,
Парктің биіктегі ең төрінен,
Шаншылған отыз жеті метр бойы,
Тек қана қоламенен көмкерілген,
Екі жүз он тонналық салмағымен,
Қарайды қарт Дунайдың бөктерінен.
Аты оның «Благодарность» – «Алғыс» деген,
Ерлердің еңбегіне мəңгі істеген.
Халықтың ризалығы неткен алып,
Орнатқан орасан белгі жан, күшпенен!
Солардың рухындай көгершіндер,
Жалғайды ескерткішті ғарышпенен.
Жағалай жарқыраған мəрмəр тақта,
Ерлердің есімдерін алған жатқа.
Мөлдіреп əріптері үнсіз сөйлей,
Еріксіз бас игізген мəңгі аруаққа.
«Арқасы осылардың – деймін іштен –
Сайрандап жүргеніміз жан ардақтап».
Не керек, айтпаған соң күнде шүкір,
Өтпей ме таза көңіл кірлесін құр.
– Ал мынау азаттықтың серілері,
Айқасқан ақырғы рет бірлесіп бір,
Өмірмен аман қалған осы күнгі,
Өшпейтін даңқ жайлы тұр.





Пікір жазу