10.07.2022
  100


Автор: Ғафу Қайырбеков

Пешт сұлу, əсіресе, Будадан да...

Пешт сұлу, əсіресе, Будадан да,
Жайнаған Мемлекеттік ту бар онда.
Аппақ үй жаңа салған түсер көзге,
Қақ жарып қала ортасын зулағанда.
Сонау үй бəрімізге таныс қазір,
Қасқайып қарағандай алысқа бір.
Ол үйде жұмыс істеп отыр, – дейді,
Қажымас біздің жолдас Янош Кадар!
Осынау жолбасшы қыз неткен жетік,
Əр сөзді айтады екен еркелетіп.
Кеткендей Кадар десе қадірі өсіп,
Қалғандай сенімі артып, сертке бекіп.
Ол оның осы күнге сүйінгені,
Өзінің бақытындай үйіндегі.
Осылай əр кеудеге кірсе, шіркін,
Басқарып отырғандар дүниені!
Ал бізден саған сəлем, жолдас Кадар,
Сендегі сарқылмас ой, азбас сабыр.
Венгерді жетелейді болашаққа,
Бұл халық соған жетпей алмас дамыл.
Соны айтып бар Будапешт ұрандаған,
Қызыл ту төбесінде бұлаңдаған.
Аппақ үй ақ болашақ кемесіндей,
Еш бір күш тура жолдан бұра алмаған.
Қазақша «Жаныс Қадыр азаматым!»
Деп оған іш тартамын аздап жақын.
Əдеті аудармаса тұра алмайтын,
Аударған Петефиді қазақ ақын.





Пікір жазу