Ортасында Дунайдың...
Ортасында Дунайдың,
Ғажап сұлу арал бар.
Шұғыласы күн, айдың,
Сонда барып аялдар.
Қос шұғыла ішінен,
Бұлқынғандай бір сұлу.
Егіз қатар естілген,
Күлкі менен күрсіну.
«Маргитаның аралы», –
Деп атаған ел мұны.
Ол бір тарих, баяғы,
Замандардан белгілі.
Король қызы Маргита,
Еншілікке жоралғы.
Есебінде əкеден,
Сұрапты осы аралды.
– Жалғыз арал ішінде,
Жалғыз марал жүрсін! – деп,
Жоламасын ешкімге,
Оңаша ойнап-күлсін, – деп,
Соқтырыпты сəн сарай,
Алтын менен күмістен.
Король айтты – заң солай –
Мықтылардың күні үстем.
Əкім əке – кəрі айбын,
Алды қаһар гулеген.
Махаббатсыз сарайдың,
Сəні жоғын білмеген.
Жанған өмір – құр сүлде
Айналыпты сөнуге.
Күліпті де түсінде,
Күрсініпті өңінде.
Манағы бір күлкі мен,
Күрсіністің мəні сол.
Өнер, неткен шіркін-ең –
Естіліп тұр əлі сол!
Болмаған соң азаттық,
Бақ, дəулетте құн қандай.
Соны аралдың өзі айтып,
Қыз боп сөйлеп тұрғандай