10.07.2022
  92


Автор: Ғафу Қайырбеков

Кошұт пенен Петефи...

Кошұт пенен Петефи,
Үзеңгілес қос ұлан.
Тағдырынан жеке сый,
Алған ерлер осылар.
Қанжығадан қан кешіп,
Еңіреген ел үшін.
Екі бірдей нар көсік,
Революция серісін.
Келеді əлі ардақтап,
Қарасындай көзінің.
Сиынады аруақтай,
Рухындай өзінің.
Қайран венгер қариясы,
Иілмеген емендей.
Ер сағынған көз жасы,
Қатып қалған шемендей.
Күнде айтады ұрпағы,
«Менің егіз атам!» – деп.
Есіме кеп тұр тағы,
Исатай мен Махамбет.
Ғажап қалам тағдырға –
Жұмбақ тылсым не екені.
Ел толқитын шағында,
Шығады осы екеуі.
Теңіз бе екен ел – деген,
Батыр, ақын дауыл ма?!
Ел толқынын тербеген,
Басы бүтін сауында?
Батыр көсем, ер ақын,
Тар қиында дем берген.
Қайран елге кім жақын,
Бұл дүниеде сендерден!
Салады еске сан ойды –
Дейсің іштен: неткен күш!
Маған үнсіз қарайды,
Құшақтасқан ескерткіш...





Пікір жазу