10.07.2022
  87


Автор: Ғафу Қайырбеков

Көк Дунай. Таңғы сағат алты жарым...

Көк Дунай. Таңғы сағат алты жарым,
Алтын күн алды жалын, арты жалын.
Қаланы мынау ғажап құшақтағандай –
Дарияның алып жатқан екі жағын.
Будапешт. Пешт бері. Буда ар жақта,
Асқақтап Гелерт тауы тұрған жақта.
Жайнайды Азаттықтың ескерткіші –
Басына күн шатырын құрған шақта.
Ақмəрмəр Ана мүсін пальма ұстаған,
Қалт етпей қарағандай жалғыз саған.
Шынында бар əлемге қарап тұр ол,
Аузында асыл сөзі алғыстаған.
Ескерткіш бұдан артық болмас, сірə,
Салынған көк пен жерді жалғастыра.
Советтің ерлеріне деген алғыс,
Секілді мəңгі-бақи азбас мұра.
Қаланың аспандаған құдіретіндей,
Құдайдың төбеңдегі сүгіретіндей.
Ана мен Азаттықтан артық күш жоқ –
Бесік жоқ адамзатқа жер бетіндей.
Ойлаған халық шебер соның бəрін,
Тұрғанда аман-есен қолында күн.
Бар байлық, бар өнерін аямастан,
Қайрап ел салған бұған қанын, жанын.
Қараймын, жүрек шаншып, дүрсілдеп бір,
Қиялым «соған қарай жосыл» – деп тұр.
Будапешт Азаттықты тік көтеріп:
«Барым да, бақытым да осы!» – деп тұр.





Пікір жазу