София – «Софы» деген сөзден туған...
София – «Софы» деген сөзден туған,
Баяғы ала сапыран айқай-шудан.
Мұның да аты қалған ескерткіштей,
Азаттық жолындағы айқасудан.
Болгарлар «данышпан» – деп аударады,
«Бар дүние қираса да сау қалады.
Сондықтан қасиетті қаламыз бұл,
Жазатын денедегі сан жараны».
Деп бізге баяндайды жол басшы қыз,
Дəл мұндай сапарымыз болмас тығыз.
Қақ тіліп Балқан тауын біз келеміз,
Төменде бас айналған жартасты құз.
Ашылды алдымыздан ғажап алқап,
Көк өлке көрмегендей адам аттап.
Жап-жасыл қолдарымен көтергендей,
Аспанға анау тұрған қаланы аппақ.
Ар жағы тағы да бір тау төресі,
Батырдай басылмаған əуселесі.
Шаншылып көк ғарышқа бұлдырайды,
Сом алтын Софияның сəукелесі.
Зымырап біз келеміз шыңнан құлап,
Жарысып жолаушымен шулар бұлақ.
Көңілдің күймесіне жегілгендей,
Батыста, күрең тұлпар – күн арғымақ.
Не сұлу өлең жолы туады іштен,
Құшаққа бізді тартқан мына күшпен.
София балқып бұл кез жатыр екен,
Рақат, бейбіт өмір, қуанышпен.
Келемін жұмаққа есік ашқандай-ақ,
Кеудемде бір дария тасқандай-ақ.
Қазақтың София атты ару қызы,
«Кел-кел!» – деп, бауырына басқандай-ақ.