10.07.2022
  85


Автор: Ғафу Қайырбеков

Никопольдің қаласы...

Никопольдің қаласы,
Алғашқы құшақ ашқан жер.
Болгардың бала-шағасы,
Аспанға гүлді шашқан жер.
Қайда да барсақ бəрі бір,
Айнымас қайран балалық.
«Ескерткіш етіп тағып жүр»,
Дедік те, белгі қададық.
Жағалай сəби төсіне,
Жағалау – күндіз бесінде.
Қараған маған тесіле,
Қараша бала есімде.
Сыйладым оған мен де бір,
Кішкентай ғана Кремль.
Күлімдеп тұрды көздері,
Дүрсілдеп тұрды жүрегі...
Плевень.
Ескерткіштер қаласы бұл.
Ғасырлар жазылмаған жарасы бір,
Ұқсайды мəңгі солдат – ардагерге,
Жас ұрпақ парктерде жарасып жүр.
Соғыстар бейне Дунай толқынындай,
Сан рет осы арада сапырылған.
Ең алғаш енді қайтып жарқыл ұрмай,
Түріктің ятағаны жапырылған.
Орыстың қаруына ғажап мүсін –
Музейде қатып қалған қылыш қаны.
Əдемі айтылыпты азаттықтың,
Бұл жерде зұлымдықпен қырылысқаны.
Созылған сан ғасырға бұғау-шынжыр,
Шабылған осы арада шарт үзіліп.
Дүние қайықтай боп қалғып бұлдыр,
Малынып қызыл қанға жатты жүзіп.
Соларды панорама көзге басып,
Көк түтін түгел жан-жақ танау қапқан.
Ажалдың ойнағына араласып,
Күп-күрең күннің өзі талауратқан.
Болмайды бауырлыққа мұндай құрбан,
Тым ауыр азаттықтың сыбағасы.
Орыстың сүйіп жатқан маңдайынан,
Болгардың тұр биікте бір анасы.





Пікір жазу