ЖАЙНА, РЕСПУБЛИКАМ!
Тағы да ғажап хабар естіді таң,
Күлімдеп күзгі дала кескіні паң.
Тағы да тарихи жеңіс алаңынан,
Абыроймен шықты жайнап республикам!
Тағы да бағы тасып, өркені асып,
Тағы да тамаша адым өрге басып.
Жаңғырған жаңа күннің шұғыласында,
Қақпамнан келді кіріп Үлкен Астық!
Жарайсың, жан қияр күш, ен туыстық!
Жарайсың, бейбіт еңбек, ел тыныштық!
Жарайсың, жері жомарт Қазақстан,
Біз сенің аспаныңда еркін ұштық!
Жасаған сол еркіндік бұл ғажапты,
Бар күшін байтақ Отан Тыңға жапты.
Сол күштің арқасында алдық билеп,
Алтын дəн тербетілген мың алапты!
Қаншама қайрат кетті, төгілді тер!
Көсілген көз жеткісіз, өңірді көр.
Босанып жатыр бүгін омырауы ашық,
Кешегі керемет байтақ егінді жер!
Дамылсыз астық – керуен дариясы да,
Сүңгиді Отанның алып қамбасына.
Зырлайды планетада Қазақстан,
Теп-тегіс алтын масақ арнасында.
Арылмай дəннің исі аспанынан,
Қарайды ол көп ғарыштың асқарынан!
Шалқиды «Миллиард» атты симфония,
Қыруар қырмандардың бастарынан!
Не деген мерей еді толы бұл шақ!
Кеудеде қуаныштан дауыл бұрқап.
Осылай жайна, менің Республикам,
Мəңгілік бақыт, дəулет əнін шырқап!