10.07.2022
  103


Автор: Ғафу Қайырбеков

ДОСҚА

Қанашқа
Жиырма бес жыл құшағымыз жазылмай,
Ешкім бізді өсектемей, жазғырмай.
Бір əдемі өмір кешіп келеміз,
Бір «тəңірінің» қолы жазған жазудай.
Достық деген – бұл тірліктің шырағы,
Оған əркім жете бермес шыдамы.
Оған əркім жете бермес ерлігі,
Күннің жұртқа жеткенменен шуағы.
Ол бір сəби – мəпелеген балаңдай,
Сен жүргенің одан көзіңді ала алмай.
Оны сақтап шығу үшін ақылмен,
Болу керек көңілің жомарт, санаң бай.
Талай достар қалды жолда майрылып,
Достық деген қанатынан қайрылып.
Талай тартыс, тұрмыс дауылы соққанда,
Достық деген тірегінен айрылып.
Соның бəрін жолға тастап, əрі асқан,
Жалғыз күндей көк аспанға жарасқан.
Достық атты күмбез соғып келеміз,
Қос инженер – сенімен мен, Қанашжан!
Мен алдымен соған басымды иемін,
Менің аппақ дос əулием, киелім,–
Қанаш атын көкірегіме жапсырып,
Мен алдымен достығымды сүйемін!
Рақмет саған, достық атты жыр бердің,
Мен тойыңа соны жазып үлгердім.
Əр сағаты өзім үшін бір бақыт,
Бастан өткен сол ғажайып күндердің!
Тебіреніп кетсем қатты кеш мені,
Қоймайды ғой қозғалмауға естегі.
Маңдайдың да қасиеті шамалы,
Достық үшін төгілмеген бес тері.
Біз ешкімге көрген жоқпыз оқ атып,
Ештемеміз кеткен де жоқ оған түк.
Осы жолда талай бақыт таптық та,
Осы жолда сан асылды жоғалттық.
О, тамаша аналарымыз бар еді-ау!
О, данаша ағаларымыз бар еді-ау!
Не керемет бауырларымыз бар еді,
О, солардың аман тұрса бəрі сау!
Жоқ, дүние – ол айтқанға көнер ме!
Пайғамбар да қолынан келсе – өлер ме!
Ажал шіркін – нағашы емес қарайтын,
«Мен əзірге тұра тұрсам...» – дегенге.
Сол өмірді біз достықпен ұзаттық,
Біздер кешкен жаз керемет, қыс артық!
Біздер сүйген бəрінен де қыз артық,
Аман шыққан достық деген жүк артып!





Пікір жазу