10.07.2022
397
ҒАББАС ЖҰМАБАЕВ
«Сен кетті» – деген сəтте мен,
«Келе жатыр ма?» – деп ұқтым.
«Дайындықсыз едім, «қап!» – деген,
Пендешілікке жолықтым.
Сөйтсем, жолдас, сен тіпті,
Шындағанбысың, немене?
Қараптан қарап ентікті,
Жүрегім симай денеме?
Сендерге мұнша не болған,
Азаға бойды үйретіп.
О жалған менен бұ жалған,
Арасын сонша жиілетіп?
Осынша асығып аттанар –
Баратын жерің той ма еді?
Ол жолдан болмас хат-хабар –
Жұбатпай-ақ қой мені!
Сəбидей жаны тап-таза –
Адамнан бөлек құс едің.
Əр күн сайын ақ қағаз –
Жақсылық ойлы кісі едің.
Жап-жарық болып көгінен,
Аққан бір жұлдыз секілді.
Өттің де кеттің өмірден,
Айғыздап жаспен бетімді.
Оралмас сөзі дүниенің –
«Қайырлы таң, кеш жарық!»
Басымды саған иемін,
Ие де жүріп, еске алып!